×
440.9
475.95
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
440.9
475.95
4.82

Костенко атындағы шахтадағы трагедия: Жеті адам қамауға алынды

09.12.2023, 13:20
Коллаж Ulysmedia

9 желтоқсанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрттің себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссияның қорытынды отырысы өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

2023 жылдың 28 қазанында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахталарында бірқатар жарылыс болып, соңы адам өліміне әкелген еді.

Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бас прокуратураның арнайы прокурорлары ІІМ, ҚМА, ТЖМ және агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілуде.

Жарылыс бастапқыда №48К3-батыс лава көмір өндіру учаскесінде К2 астындағы көмір қабатынан шығатын метан-ауа қоспасының орналасуынан болғаны анықталды. Өрттің “көзі” шахта кенжары конвейерінің жұмысында механикалық от шығудан болған.

Бұл жарылыс шахта өндірісіндегі көмір шаңының кезең-кезеңмен жарылыстарына әкелген, себебі оның концентрациясы рұқсат етілген нормалардан айтарлықтай жоғары болған.

Тергеу барысында қайғылы оқиғаға шахтаны пайдалану кезінде өндірістік және өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ еңбекті қорғау ережелерін көптеген бұзушылықтарға жол берілуі тікелей байланысты екені анықталды.

“Қазіргі уақытта көмір өндіру кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеді деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке 7 адамнан тұратын шахтаның басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамы тартылуда. Қылмыстық процестік кодекстің 128-бабына сәйкес күдіктілер Қарағанды облысындағы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ мен Төтенше жағдайлар министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің шахтаның қауіпсіз жұмыс істеуіне тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген тиісті тұлғаларына да құқықтық баға берілетін болады”, – деді бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Тергеу жалғасуда және ерекше бақылауда.

Естеріңізге салсақ, 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, 46 кенші қаза болды.

Шахтада көз жұмған жұмысшылардың толық тізімі жарияланды.

Серіктес жаңалықтары