×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Министр әуе билеті қандай жағдайда күрт қымбаттайтынын айтты

19.12.2023, 16:17
Министр әуе билеті қандай жағдайда күрт қымбаттайтынын айтты
Коллаж: ulysmedia.kz.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, FlyArystan әуе компаниясын Air Astana-дан бөлудің артықшылықтары да, кемшіліктері де бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

– Air Astana компаниясының негізгі акциясын біздің Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры ұстап отыр. Екеуін бөлу туралы мәселені құрылтайшы құрам шешеді. Бұл ретте Air Astana әуе компаниясының пікірі де ескеріледі, – дейді Қарабаев үкіметтің баспасөз орталығында.

Оның айтуынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі FlyArystan әуе компаниясын Air Astana-ны бөліп тастау керек деп есептейді. Сол арқылы әуе компаниялары көбірек болып, ол өз кезегінде бәсекелестікке оң әсер етсе деген жоспарда. Ал сала сарапшыларының, Air Astana әуе компаниясындағы мамандардың, Самұрық-қазына мен көлік министрлігі өкілдерінің пайымдауынша, бұл жағдай әуе билеттерінің қымбаттауына апарып соғуы мүмкін деп қауіптенеді. Министрдің айтуынша, қазір FlyArystan жеке әуе компаниясы ретінде жұмыс істемейді. Air Astana құрылымының құрамында: бухгалтерия, персонал, колл-орталық пен техникалық қызметкерлер де, қосалқы құралдар базасы да ортақ. 

– Соның арқасында шығын жағы қысқарды да, билет бағасын қазіргі деңгейде ұстап отырмыз. Біз неден қауіптенеміз? Егер компаниялар бөлінсе, екі компанияның техникалық қызметкерлері бөлек болады. Жаңағы айтқандай, колл-орталық пен техникалық қызметкерлер де екі компанияға керек. Басшылық құрам да бөлінген компанияда жаңадан жасақталады. Қосалқы құралдарды сақтау үшін жеке база ашуға тура келеді. Мұның бәрі әуе билеттерінің қымбаттауына апарып соғуы мүмкін, – дейді Қарабаев.

Министрдің сөзінше, “қазір FlyArystan әуе компаниясын Air Astana құрамында қалдыру” мәселесі талқыланып жатыр.

– Мен компанияларды бөлудің оң және теріс жақтарын айтып отырмын. Артықшылығы – бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Кемшілігі – билет бағасы күрт қымбаттай ма деп қауіптенеміз, – дейді Қарабаев.