Оңтүстік-Шығыс Азияда 20 қараша мен 17 желтоқсан аралығында коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 388 пайызға өскен. Өлім деңгейі үш еседен көп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жалпы, әлемде 20 қараша мен 17 желтоқсан аралығында коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны алдыңғы төрт аптамен салыстырғанда 52 пайызға өскен. Ең көп ауырғандар саны Ресейде тіркеліп отыр - 279 359. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараттық бюллетенінде жазылған.
ДДСҰ дерегінше, әлемде төрт апта ішінде 854 673 адам коронавирус жұқтырып, 3 005-і қайтыс болған.
Африкада ауырғандар саны 77 пайызға көп болғанымен, өлгендер саны 50 пайызға аз. Еуропада вирус жұқтырғандар 54 пайызға дейін өсті, өлім саны 14 пайызға жоғары.
Америка аймағында вирусқа шалдыққандар 23, ал қайтыс болғандар саны 48 пайызға азайды. Шығыс Жерорта теңізі аумағында ауырғандар саны 51, ал өмірден өткендер саны 65 пайызға төмендеді.
Ресей Федерациясынан бөлек, коронавирус жұқтырғандар саны артқан елдердің бестігіне Сингапур (120 898), Италия (114 795), Польша (39 828) мен Аустралия (39 505) енген. Ең көп өлім Италияда тіркелді - 510. Одан кейінгі орындарда Швеция (396), Ресей (376), Аустралия (211) және Польша (141) тұр.