Олар сонымен қатар, қамауда отырған белсенділерді босатылуы керектігін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Бүгін Алматыда бір топ азамат Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне жиналып, Қаңтар оқиғасының құрбандарына құран бағыштады.
Жиналғандар Назарбаев даңғылы «Қаңтар қасіреті» деп өзгеруі керек деп есептейді.
– Біз террорист емеспіз, – деп ұрандатты жиналғандар.
Алаңға келген азаматтар Қаңтар оқиғасының құрбандарының тізімі жарияланған плакатты ұстап шыққан. Жиналған жұрт алдында белгілі қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай сөз сөйледі.
– Думан Мұхаммедкәрім, Әйгерім Тілеужан, Марат Жыланбаев, Қалас Нұрпейісов пен басқа да белсенділер Қаңтар ақиқатын, өз пікірін айтқаны үшін қамауда отыр. Оларға бостандық беруді талап етуіміз керек, – деді Рысбек Сәрсенбай.
Алаңға Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың туған-туыстары келіп, туыстары бойынша істер дұрыс тергелмегеніне шағымданды.
2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының көтерілуіне қарсылықтан бастау алған жаппай наразылық бірер күнде Қазақстанның барлық өңірін қамтыған еді. Бірнеше қалада наразылықтың аяғы қантөгіске ұласқан. Ресми мәлімет бойынша, 238 адам көз жұмды (оның ішінде күш құрылымдарының 19 қызметкері бар). Алты адам түрмеде азаптаудан көз жұмған.
Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адамға «терроризм», «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру», «қару-жарақ сақтау» сынды айыптар тағылды. Ұсталғандардың дені тергеу кезінде азапталғанын мәлімдеген. Кейін ұсталған, сотталғандардың көбіне рақымшылық жасалған.