×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

"Дін деген апиын" - Мұхтар Мағауин

06.01.2024, 12:07
Коллаж Ulysmedia

Бірнеше жыл шетелде тұрып жатқан Қазақстанның Халық  жазушысы Мұхтар Мағауин елдегі діни ахуалға қатысты пікір  білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz “Халық үні" youtube арнасына сілтеме жасап.

Әсіредіншілдіктің түкке керегі жоқ

Жазушы «дін деген қараңғылық» деп, қазақ жастарының болашағына алаңдайтынын айтты.

"Дін деген апиын деген. Сол дұрыс сөз. Оның мәнісін ұғынып жатқан жоқ. Апиын аз қолданса ем, көп қолданса ауру. Мен солай ұғынамын. 19 ғасырдағы қазақтың зиялылары, оқығандары неге қарсы күресті? Отарлыққа қарсы әрекет жасап, дінге қарсы күресті. Дін деген қараңғылық. Әсіредіншілдіктің түкке керегі жоқ. Мәдениет пен ғылым-білімді жеткізетін дін емес. Мешіт емес, мектеп. Бізге арабтың не керегі бар? Оның бәрі біздің табиғатымызға жат нәрсе. Жалпы діншілдікті азайту керек. Қазақ діннен арылу керек.  Кәдімгі зиялылыққа жету керек. Зайырлы мемлекеттік санаға жету керек. Әсіресе, балаларды бұзып бара жатыр. Жазатын да, айтатын да нәрсе көп. Енді ойламаған жерде, дін қазаққа қайшы болып шықты. Діндарлар қазақтың салты мен дәстүріне қарсы. Киіміне қарсы. Тіпті, қазақтың тілін бүлдірді. Соңында бейіт тұрғызуға қарсы шығып, келін сәлем бермеу керек деді. Осының бәрі қазақты құртатын нәрсе», - деді Мағауин.

Назарбаев салафиттерді қолдады

Жазушы діндік мәселелерді заң жүзінде реттеу керек екенін алға тартты.

«Біразына заң жүзінде шара қолдану керек. Кешегі сәләфиттердің насихатшылары бар көрінеді. Назарбаевтың інісінің баласы қазір түрмеде отыр. Оларға мемлекет тарапынан, Назарбаевтың тарапынан қолдау болды. Өйткені ол қазақты екіге бөледі. Насихаты үкіметке қарсы болмаса болды. Мемлекеттік ұлттық санадан айырады. Сондықтан бұл қазаққа қарсы жасалған қылмыс болатын", - дейді ол.

Жазушы Қазақстаннан неге кетті?

Мұхтар Мағауин 2007 жылы Чехияға қоныс аударды. Ал жуырда жазушы отбасымен Түркияға көшкен болатын.

Ол өз отанын тастап, шет ел асуының себебін былай түсіндірген еді:

"Қазақта "Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар" деген сөз бар. Мен баяғы орыстың диссидентін отырғызып, желкелеп шығарып салғандай жағдайды бастан кешкем жоқ, мен өзім кеттім. Тыныш жұмыс істеу керек. Әдебиетте әртүрлі дау-дамай болады. Әуезов те, Мағжан да сынға ұшыраған. Алайда маған қарсы үлкен науқан жүрді. Мысалы сондай өтіріктің бірі "Жұлдыз" журналының 2006 жылғы 9 нөмірінде "Мұхаммед пайғамбардың әйелі Айша анамызға тіл тигізген повесть басылды" деп жазылды. Жұрттың бәрі іздеді, жоқ ондай нәрсе, журнал жаңа ғана шыққан. Шыққанына ай болмаған. Сол сияқты нәрселер. Оның бәрінің жазуыма ешқандай әсері болған жоқ. Бірақ маған тыныштық керек, халқыңа керек болмасаң, болашақ ұрпаққа керексің, содан кейін сыртқа кетуге тура келді...Менің үкіметке де, басқаларға да ешқандай өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы да жоқ.

Мен өзім кеттім, бірақ соның алдында бес жыл бойы маған қарсы науқан жүрді. Осындайды халық ұмытып қалады екен. Айтылмаған сөз жоқ, бір күнде 5-6 газетке шыққан жағдай болды. Маған ол әсер еткен жоқ, маған әсер еткені қазақтың бір зиялы азаматы: "мынау бәленбай деген жазушымыз еді, неге осыған жала жабылып, қудаланып жатыр?" деп ара түсуге жараған жоқ. Содан соң балама кеттім...", - деген еді жазушы.

Мағауин кім?  

Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы, публицист, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин 1940 жылы Семей облысының Шұбартау ауданы Баршатас ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. 

1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантураны тәмамдады.

Жазушы еңбек жолын 1965 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі болып бастады.

Көрнекті жазушының "Кешқұрым" атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы "Жұлдыз" журналында басылды.

Содан кейін "Ақша қар", "Бір атаның балалары", "Қияндағы қыстау", "Көк кептер" повестері мен әңгіме жинақтарын, "Көк мұнар", "Шақан шері" романдарын, "Аласапыран" роман-дилогиясын, "Қобыз сарыны" атты монографияны, "Ғасырлар бедері", "Қазақ тарихының әліппесі" ғылыми-зерттеу еңбектерін, "Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет" оқулықтарын, хрестоматия және басқа да оқу құралдарын жазды. "Алдаспан", "Бес ғасыр жырлайды", "Ай заман-ай, заман-ай" ақын-жырау шығармалары жинақталған антологияны да Мағауин құрастырған.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи өзінің депутаттық сауалында Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірін уахабшылар – салафизм идеясына табынушылар басып бара жатқанын айтқан болатын.

Ал мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мектепті діни ағымдардың ортасына айналдыруға болмайтынын алға тартты.

Серіктес жаңалықтары