×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Қазақстанда уахабшыларға жағдай жасап отырған билік өкілдері бар – депутат

04.10.2023, 10:54
Коллаж: Ulysmedia.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи өзінің депутаттық сауалында Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірін уахабшылар – салафизм идеясына табынушылар басып бара жатқанын айтты.Оның пікірнше, теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет басшысының және ҰҚК басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында мәжілісмен үлкен қалаларда мектеп салатын қуыс қалмаса да, мешіт пен храм салатын жер табылып жатқанына таңданысын жасырмады.

“Соңғы бірер жылда Ислам дінін жамылған жат ағымдар қазақстандық қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарқышақ салып, ол саңылау барған сайын ажырап барады. Тіпті, қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған жарқышақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мыңжылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады.  Бұл теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па деген де қатер бар. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топ жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасауда”, – дейді Ермұрат Бәпи.

Депутаттың пікірінше, Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездіреді.

“Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек! Бір өкініштісі – бұл исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында: әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизм идеясына табынушылар басып барады. Яғни,  теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз”, – деп пайымдайды ол.

Ермұрат Бәпи мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек естігенін айтты.

“Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені.  Иә, өркениет көшіне ерген біздің ел адам құқығын қадірлейді. Бұл – демократиялық принциптердің басты қағидасы. Бірақ сол еркін құқық бас бермей кетіп, біздің ұлттық және мемлекеттік діңімізді шайқалта бастаса, біз бұған көзжұмбайлықпен қарауға қақымыз жоқ! Ел Конституциясының талабы бойынша, мемлекеттің зайырлы даму болашағын әлдебір күштердің иемденіп кетуіне жол бермеуіміз керек!”, – деді депутат.

Мәжілісмен ендігі жерде «мемлекет – діннен бөлек» немесе «дін – мемлекеттен бөлек» деп, сырттай бақылаушы болып, самарқау отыруға болмайтынын атап өтті.

“Осы орайда Мәжіліс депутаттарының сізге жолдайтын бірнеше сауалы бар. Біріншіден, Сіз және Сіздің Кабинетіңіз қалыптасқан күрделі жағдайды түйсініп отыр ма? Қоғамның діни негізде бөлшектену қаупіне қарсы іс-қимыл жоспары бар ма?  Екіншіден, Үкімет пен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті және уәкілетті органдар бірлесіп, теріс діни ағымдар тудырып жатқан ұлттық алауыздықты шұғыл тоқтатудың амал-әрекеттері Ел Президентінің назарына ұсынылды ма?  Үшіншіден, бұдан 12 жыл бұрын – 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттілігін көтеретін кез келген жоқ па?   Төртіншіден, қалыптасқан осы қоғамдық жағдайда біз барлық күш-жігерімізді біріктіріп, ұлт бірлігі мен мемлекеттің тұрақты даму жағдайын сақтауға Үкімет пен Парламент мүдделі болуы керек деп есептейміз”, – деп түйіндеді сөзін.

Серіктес жаңалықтары