×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Бандит, ұры болғандар сақал өсіріп уағыз айтып жүр - Тайжан

13.01.2024, 18:57
Коллаж Ulysmedia

Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан өзінің Фейсбук парақшасында соңғы кезде уағыз айтатын "молдалардың" қаптап кеткенін айтып, олардың әрекеттерін "араптандыруға" апаратын науқан деп бағалады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Сандырақ әңгіме

Ол тоқсаныншы жылдары ұры, коррупционер, бандит болғандар қазір тақияны қиіп алып, сақалды өсіріп алып, тиктокта, ютубта жастарға ақыл айтып отырғанын алға тартты.

"Өзің білме, білгеннің тілін алма" деген жаман қарғыс сөз бар қазақта. Қарасам, өздері қараңғы, жоғары білімдері жоқ, кітап оқымаған "білгіштер" мен уағызшы "молдалар" қаптап кетіпті. "Шалбар киме - ол голубойлардың киімі екен", "көкпар деген - ол сақабалардың, яғни араптардың ойыны екен", "мұсылмандарда ұлты мен руы жоқ", "домбыра - харам" - деп сандырақ әңгімені көп айта бастады. Бұндай әңгімелер иманға еш қатысы жоқ деп санаймын. Бұл қазақты ұлтсыздандыруға, тіпті араптандыруға апаратын науқан”, – деді Мұхтар Тайжан.

“Құл болсын деп жаратқан жоқ...”

Саясаткер ғасырлар бойы құлдар патшаларға, байларға өте керек болғанын, сол үшін қарапайым халықты дінмен қорқытып құлдықта ұстағанын айтты.

“Ата-бабаларымыз имандарын жүректерінде сақтап қазақ болып қалды ғой! Ұлт деген не? Ол тіл, дәстүр, діл, жыр. Бәрімізді Жаратқан жаратқаны рас, бірақ бәрімізді құл болсын жаратқан жоқ шығар? Біз өз туған балаларымызды бізге құл болсын деп туып өсірмейміз ғой? Ұрпағымыз басқа дүниеде емес, осы дүниеде бақытты болсын деп өсіреміз. Сол секілді мейірімді я кешірімді Жаратқанымыз бізге құлдықты емес, бақытты өмірді тілеп отыр деп сенем. Ең қуатты Жаратқанға құлдар не керек?” – деді ол.

Нағыз иман деген не

М.Тайжан Меккеге бару, өзге де діни амалдарды жасау әркімнің өз шаруасы екенін алға тартты.

“Шалбар мен сақалыңның ұзындығы, сенің намазың, сенің зяқатың, сенің мешіт салғаның, сенің Меккеге барып қайтқаның - ол сенің жеке шаруаң. Бұндай тірліктерді таза адамдар да, ұрылар да жасай береді.

Жаратқанға бізден не керек? Не үшін бізді жаратты, қандай мақсатымен? Біздің таза ниетіміз, біздің таза арымыз, ұрлыққа былғанбаған қолымыз керек. Нағыз иман деген осы деп білем! – деді Мұхтар Тайжан.

Мұхтар Тайжан кім

Мұхтар Тайжан саяси сахнада өз ойын ашық айтатын ұлттық-патриоттық көзқарастарымен танымал.

Мұхтар Тайжанның өмірі туралы мәлімет көп емес. Алайда, ашық дереккөздердің хабарлауынша, ол бірқатар ірі лауазымдарды атқарды, сонымен қатар мемлекеттік билікте де жұмыс істеп үлгерді.

Мұхтар Болатханұлы Тайжан 1973 жылы 10 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген.

1991-1997 жылдары — Варшава университетінің (Польша) Халықаралық экономикалық және саяси қатынастар институтында оқыды. Халықаралық экономикалық қатынастар бойынша магистр дәрежесін алды.

2007 жыл — экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды.

Билік пен квазимемлекеттік сектордағы мансап

1997-2001 жылдары – ҚР стратегиялық жоспарлау агенттігінде және президент әкімшілігінде жұмыс істеді. Лауазымдық міндеттері: Қазақстанның әріптес мемлекеттеріндегі әлемдік нарықтар мен экономикалық ахуалды талдау;

2001-2002 жылдары — "Қазақстан темір жолы"РМК-да қызмет атқарды;

2002-2003 жылдары — "Ордабасы корпорациясы" АҚ-да жұмыс істеді.

Кәсіпкерлік қызмет

2003-2004 жылдары – Алматыдағы құрылыс дүкенінің иесі;

2004-2005 жылдары – көбік блоктары бизнесінің иесі;

2006-2008 жылдары – Алматыдағы қойманың иесі.

Қоғамдық қызмет

2009 жылдан бастап “Болатхан Тайжан” қорының президенті;

2016 жыл — жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі.

Сайлау һәм мәжіліс

Естеріңізге салсақ, Мұхтар Тайжан мәжіліс депутаттығына тәуелсіз кандидат ретінде Алматыдағы №5 округ бойынша сайлауға қатысқан болатын.

"Ескі жүйенің барлық адамдары кетіп, жаңа, азат ойлы адамдар келгенде ел өмірі жақсарады. Сол кезде Қазақстанның жандануы басталады", - деген еді ол.

Полиция бөлімшесіндегі әңгіме

Былтыр сәуір айында Мұхтар Тайжанды полиция ұстап әкеткен еді. Бұл туралы саясаткердің өзі Фейсбук парақшасында мәлім етті. Айтуынша, оны 9 сәуірде рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін ұстаған.

«Достар, полиция үйіме келіпті, әкетіп бара жатыр 488 бабымен, 09.04.23. митинг үшін. Алаңдамаңыздар!»,  – деп жазды ол.

Мұхтар Тайжан бір сұхбатында: “Меніңше, түбі халық жеңеді. Халықтан артық күш жоқ, мен соған сенемін әрі өз тарапымнан барынша күш саламын”, деген болатын. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл сөздің жаны бар екеніне көз жеткендей...

Серіктес жаңалықтары