Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар бастама көтерді. Әлеуметтік жәрдемақылар кімдерге тағайындалады және көмек шынымен мұқтаж адамдарға бұйыра ма? Олигархтар көбірек салық төлей ме және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражат қандай жобаларға инвестицияланбақ? Ал Алатауда ағылшынның жалпы құқық жүйесіне негізделген инвестициялық сот құру шетелдік инвесторларды тартуға көмектесе ме? Ulysmedia.kz тілшісі саясаттанушылармен және қаржыгерлермен сұхбаттасып, президенттің ұсыныстары іс жүзінде қалай жүзеге асуы мүмкін екенін және олардың азаматтарға, бизнеске әрі инвесторларға қалай әсер ететінін талдады.
ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ: ЖӘРДЕМАҚЫ КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ?
Президент әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, көмек ең алдымен шын мұқтаж отбасыларға берілуі керек. Алайда азаматтардың материалдық жағдайын мемлекет қалай әділ бағалайды және төлемдердің негізсіз бөлінуіне жол бермеу үшін не істеу керек деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.
«Мемлекеттік көмек тек шын мұқтаж адамдарға көрсетілуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттердің бірі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, әлеуметтік жәрдемақы жүйесін қарау кезінде екі негізгі мәселені шешу маңызды. Біріншісі – отбасының көмекке мұқтаж екенін объективті анықтау болса, екіншісі – мемлекеттік қолдаудың шынымен мұқтаж адамдарға жетуін қамтамасыз ету.
«Мұнда екі мәселе өзекті. Біріншісі – мұқтаждықты қалай анықтау керек? Бұл ретте отбасының ресми табысын ғана емес, мүлкін, отбасы құрамын, тұрғын үйге жұмсайтын шығынын, мүгедектігі бар балалардың болуын және басқа да объективті жағдайларды ескеру қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар бағалау жүйесі өңірлердегі өмір сүру құны мен бейресми жұмыстан түсетін табысты да назарға алуы керек. Екінші мәселе – әлеуметтік жәрдемақы жүйесін қайта қарау шынымен атаулы әлеуметтік қолдауға әкеле ме? Егер талаптар ашық әрі түсінікті, ал мемлекеттік органдардың деректері нақты болса, әкелуі мүмкін. Бұл жерде, ең алдымен, жиі бұрмаланатын мемлекеттік статистика туралы айтып отырмыз. Негізгі қауіп – мәліметтердің толық болмауы, бюрократиялық қателер немесе табысқа қойылатын шектің тым қатаң болуы салдарынан шынымен мұқтаж отбасылардың әлеуметтік көмек жүйесінен тыс қалуы», – деді Сәтпаев.

Досым Сәтпаев. Фото: inbusiness.kz
Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев әр отбасының жағдайын жеке-жеке бағалау өте қиын деп есептейді. Сондықтан мемлекет азаматтардың табысын бағалап, оларды мұқтаждық деңгейіне қарай санаттарға бөлуге мүмкіндік беретін арнайы жүйелерді қолдануға мәжбүр болады.
«Меніңше, мұны толық дәлдікпен анықтау мүмкін емес. Отбасының қалтасын ақтарып, барлық табысын анықтап, содан кейін оның әлеуметтік көмекке лайық екенін не лайық емес екенін шешетін судья немесе прокурорлардан құралған бір топ адам келеді деп елестетіп көріңіз. Бұл бір жағдайға прецедент болуы мүмкін. Бірақ мұндай тәсілді қолдану мүмкін емес, өйткені әңгіме миллион адам туралы болып отыр. Менің ойымша, арнайы жүйе әзірленеді. Оның кейбір түрлері қазірдің өзінде бар. Мысалы, азаматтарды A, B, C, D, E санаттарына бөлу немесе отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табысын бағалайтын басқа да цифрлық жүйелер. Олар кімге көмек беруге болатыны, ал кімге берілмейтіні жөнінде белгілі бір әділ шешім қабылдауға мүмкіндік бередіі», – деді Әбішев.
Саясаттанушы бақуатты адамдар мен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар ортасындағы ортаңғы санаттағы адамдардың мәселесіне де тоқталды.
«Ауқатты адамдарға келсек, оларға көмек қажет емес екені түсінікті: кредиттері жоқ, өз баспанасы, көлігі мен бизнесі бар. Ал бес баланы жалғыз өзі асырап, ең төменгі жалақы алатын анаға көмек міндетті түрде қажет. Ортасында сұр аймақ бар. Мәселе – шекараны қай жерден белгілеуде. Қалай болғанда да, осы ортаңғы санаттағы адамдардың бір бөлігі өзін әділетсіз шеттетілді деп санайды. Сондықтан қандай да бір ымыраға келуге тура келеді», – деді сарапшы.

Ғазиз Әбішев. Фото: inform.kz
БИЗНЕСТІ ТЕКСЕРУГЕ ҮШ ЖЫЛДЫҚ МОРАТОРИЙ
Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылауды ұсынды. Оның айтуынша, бұған дейінгі мораторийдің оң және теріс жақтарын ескеру қажет.
«Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынамын», – деді Тоқаев.
Досым Сәтпаевтың пікірінше, шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізу – кәсіпкерлерді қолдау шараларының бірі ғана. Бизнестің тұрақты дамуы үшін салық ережелерінің болжамды болуы, әкімшілік жүктеменің азаюы, қолжетімді несие, бәсекелестікке тең жағдай жасалуы және кәсіпкерлердің бірнеше жылға арналған даму жоспарын құра алуы да маңызды.
«Бұл мұндай бастама алғаш рет көтеріліп отырған жағдай емес. Соңғы 30 жылда осындай бірнеше бастама болды. Бірақ шағын бизнес үшін түсінікті, болжамды әрі тұрақты ережелер маңыздырақ. Салық жүйесі кәсіпкердің дамуына көмектесіп, оған кедергі келтірмеуі керек. Бұдан бөлек, қаржыландыруға қолжетімділік пен бизнесті бірнеше жылға жоспарлау мүмкіндігі қажет», – деді саясаттанушы.
Досым Сәтпаев шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлардың қатарында салық және реттеу режимінің тұрақсыздығы, қарыз қаражатының қымбаттығы және макроэкономикалық белгісіздік бар екенін атап өтті.
«Сондықтан мораториймен қатар салық ережелерінің тұрақты әрі түсінікті болуы да маңызды. Кәсіпкер үш-бес жылға арналған салық жүктемесін алдын ала түсінуі керек. Салық мөлшерлемелері мен ережелердегі өзгерістер жеткілікті өтпелі кезеңмен, түсінікті түсіндірмелермен және бизнестің әртүрлі санатына ықпалы бағаланғаннан кейін енгізілуі қажет. Әкімшілік жүктемені де азайту керек. Тек тексерулерді қысқарту жеткіліксіз, есептілікті тапсыруды, лицензиялау рәсімдерін, рұқсат алуды және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жеңілдету маңызды. Мемлекет адал кәсіпкерлерге қателерін түзетуге көмектесіп, бірден айыппұл салуға көшпеуі керек. Сонымен қатар цифрландыру техникалық ақаулар салдарынан автоматты түрде айыппұл есептеу жүйесіне айналмауы тиіс», – деді саясаттанушы.
Президент Жолдауда кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайтып, қайшылықтарды жою үшін Салық кодексіне нақты өзгерістер енгізу жөніндегі шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырды. Осыған байланысты саясаттанушы Досым Сәтпаев салық ережелері мен қолдау шаралары бизнестің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оның өсуіне де ықпал етуі керек екенін атап өтті.
«Шағын бизнеске тек тексеруге мораторий емес, мемлекетпен ұзақ мерзімді әрі түсінікті келісім қажет. Бұл – түсінікті салықтар, бюрократияның аз болуы, қолжетімді қаржыландыру, тең бәсекелестік және меншікті нақты қорғау. Мораторий кәсіпкерлерге уақытша тыныс алуға мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ тұрақты экономикалық нәтиже бизнес инвестиция салып, жұмысшылар жалдап, ережелер күтпеген жерден өзгеріп кетеді деп қауіптенбей кеңейе алған кезде ғана пайда болады. Яғни бизнеске тек күн көруге емес, өсуге ынталандыратын шаралар көбірек қажет. Салық режимдері мен қолдау шаралары микробизнестің шағын бизнеске, ал шағын бизнестің орта кәсіпорынға айналуына көмектесуі керек», – деді Сәтпаев.
Ал саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева салық салу жүйесіндегі өзгерістер аясында шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізу өзекті деп есептейді. Оның пікірінше, бақылау күшейіп, кәсіпкерлерге түсетін жүктеме артқан жағдайда олардың қызметін қалпына келтіруіне мүмкіндік беру қажет.
«Меніңше, қазір бұл бастама өзекті. Салық салудағы жаңашылдықтарға байланысты шағын және орта бизнес субъектілерінің саны күрт азайып, көлеңкелі сектор ұлғайды. Бизнес тарапынан көп шағым түскен болуы керек, сондықтан президент кәсіпкерлерге қайта қалпына келуге мүмкіндік беруді ұйғарған шығар. Қазір шағын және орта бизнесті бақылау өте қатаң. Көптеген кәсіпорын банкротқа ұшырады. Олардың жасыратын ештеңесі де қалмаған шығар», – деді Үмбетәлиева.

Толғанай Үмбетәлиева. Фото: arasha.kz
ОЛИГАРХТАР КӨБІРЕК САЛЫҚ ТӨЛЕЙ МЕ?
Жолдауда мемлекет басшысы ірі байлық иелері үшін салық мөлшерлемесін көтеру мәселесін талқылауды ұсынды. Қаржыгер Арман Байғановтың пікірінше, ауқатты азаматтардың салығын көтеру бюджет кірісін арттыруы мүмкін. Алайда мұндай шешімнің ықтимал салдарын да ескеру қажет. Оның айтуынша, кейбір бай азаматтар басқа елдердегі салық шарттарын тиімдірек деп санаса, қаражатын шетелге аудара бастауы мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстан салық түсімдерінің бір бөлігінен айырылып қалуы ықтимал.
«Ауқатты азаматтардың салығын көтеру мәселесі көптен бері талқыланып келеді. Биыл да осы бағытта тиісті өзгерістер енгізіле бастады. Әңгіме табысы жоғары азаматтардың салық мөлшерлемесін көтеру, сондай-ақ қымбат көліктер мен жылжымайтын мүлікке салынатын салықты өзгерту туралы болып отыр. Бір жағынан, бұл жақсы, өйткені бюджет кірісін арттыруға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, мұндай шаралар кейбір кәсіпкерлер мен ауқатты азаматтарды алаңдатуы мүмкін. Олар қаражатын шетелге, басқа юрисдикцияларға шығара бастауы ықтимал. Соның салдарынан ел ішіндегі салық салынатын табыс көлемі азаюы мүмкін.
Тағы бір мәселе бар: шамадан тыс салық жүктемесі адал еңбекпен ақша тауып жүрген адамдарға қатысты әділетсіздік ретінде қабылдануы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге абайлап қарау керек. Салықты тым қатты көтермей, өзгерістерді біртіндеп енгізген жөн», – деді Байғанов.

Арман Байғанов. Фото: inbusiness.kz
БЖЗҚ ЖӘНЕ ІРІ ЖОБАЛАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
Тоқаев экономиканың негізгі салаларын ұзақ мерзімді қаржыландырудың жаңа тетіктерін іске қосудың қажеттігін мәлімдеді. Бұл іске банктер, даму институттары, халықаралық қаржы ұйымдары және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қатысуы мүмкін.
«Банктердің, даму институттарының, халықаралық қаржы ұйымдарының және БЖЗҚ-ның қатысуымен экономиканың негізгі салаларын ұзақ мерзімді несиелендірудің жаңа тетіктерін іске қосу қажет», – деді президент.
Ғазиз Әбішев зейнетақы жинақтары экономиканы дамытуға жұмыс істеуі керек деп санайды. Алайда ол бұған дейінгі инвестициялардың тәжірибесіне байланысты тәуекелдер бар екенін еске салды.
«БЖЗҚ қаражаты осыдан бес-алты жыл бұрын да таратылған. “ҚазАгроға” доллар беріліп, кейін теңгеге айырбасталды. Енді “Бәйтерек” құрамына кірген қор төмендетілген мөлшерлемемен қаржы беріп, төлемді теңгемен жүргізіп отыр. Яғни бұл БЖЗҚ үшін тиімсіз болды. Сондықтан қордың қаражаты әрдайым қауіпсіз болды деп айтуға болмайды.
Бірақ жинақталған қаражат экономикамызды дамытуға жұмыс істеуі керек. Оны қайда салу қажет? Ақшаның жай ғана жата беруі тиімсіз. Әлемде құбылмалылық жоғары болып тұрған кезде шетелдік активтерге инвестиция салу да оңай емес. Мүмкін, ел ішіндегі белгілі бір жобаларға қаржы салу тиімдірек болар. Егер қаражат теңгемен қозғалыссыз жата берсе, ол бәрібір құнсызданады», – деді Әбішев.
Досым Сәтпаевтың пікірінше, зейнетақы жинақтары мен банк қаражатын ірі жобаларды қаржыландыруға пайдалану экономикалық тиімділікпен негізделуі керек. Оның айтуынша, мұндай шешімдер қабылданған кезде салымшылардың мүддесін бірінші кезекте қорғап, зейнетақы қаражатының тиімсіз жобаларға салынуы салдарынан жоғалуына жол бермеу қажет.
«Зейнетақы жинақтары экономикалық тиімділігі дәлелденбеген жобаларды арзан қаржыландыру көзіне айналмауы керек. Сондықтан зейнетақы жинақтарын қорғау үшін мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері мен инвестициялардың коммерциялық тәуекелдерін бір-бірінен ажырату қажет.
БЖЗҚ қаражаты табыстылығы тәуелсіз бағаланған, капиталдың қайтарылу көзі түсінікті және тәуекел мен кірістілік арақатынасы қолайлы жобаларға ғана бағытталуы тиіс. Инвестицияларды әртараптандыру, бір жобаға салынатын қаражат көлеміне шектеу қою және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бақылауды қоса алғанда, тұрақты тәуелсіз аудит жүргізу қажет», – деді Сәтпаев.
АЛАТАУДАҒЫ СОТ ЖҮЙЕСІ ИНВЕСТОРЛАРДЫ ТАРТУҒА КӨМЕКТЕСЕ МЕ?
Қасым-Жомарт Тоқаев Алатауда арнайы сот жүйесін, соның ішінде ағылшынның жалпы құқық жүйесіне негізделген инвестициялық сот құруды ұсынды. Оның айтуынша, тиімді сот төрелігі – юрисдикцияның инвесторлар үшін тартымды болуының негізгі шарттарының бірі.
«Кез келген халықаралық юрисдикцияның ұзақ мерзімді тартымдылығының басты шарты – тиімді сот төрелігі. Сондықтан Алатауда сот төрелігінің сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз ететін сот жүйесін құру қажет. Ағылшынның жалпы құқық жүйесіне негізделген инвестициялық сот коммерциялық істерді қарайды. Арнайы құқықтық режимге қатысты қалған мәселелер азаматтық соттың құзыретіне беріледі», – деді Тоқаев.
Еске салайық, Алатау – Алматы маңында салынып жатқан жедел даму қаласы. Оны инвестициялар мен кәсіпкерлікті дамыту алаңы ретінде қалыптастыру жоспарланған.
Ғазиз Әбішевтің пікірінше, мұндай құқықтық тетіктер басқа елдерде де қолданылады. Сонымен қатар сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнаманың ашықтығы мен судьялардың халықаралық деңгейдегі беделі маңызды рөл атқарады.
«Алатауда ағылшын құқығына негізделген арнайы сот жүйесін құруға келсек, мұндай тәжірибе Астана халықаралық қаржы орталығы да және басқа елдерде де бар. Біріккен Араб Әмірліктерінде де осындай жүйе қолданылады. Қазір біздің мамандар Таяу Шығыстағы басқа елдерде осындай жүйені енгізумен айналысып жүр. Мұндай үлгі басқа юрисдикцияларда жұмыс істеп тұр және тиімді. Егер заңдар ашық болса, ал судьялардың беделі жоғары болса, бұл юрисдикциялардың тәуелсіздігін арттыруға елеулі үлес қосады», – деді Әбішев.
Ал Досым Сәтпаев Алатауда ағылшынның жалпы құқық жүйесіне негізделген инвестициялық сот құру Қазақстанға шетелдік инвесторлардың сенімін арттыруы мүмкін деп есептейді. Алайда оның пікірінше, шетелдік үлгіні енгізу жеткіліксіз. Соттың нақты тәуелсіздігін, тараптардың заң алдындағы теңдігін және сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету маңызды.
«Инвесторлар үшін бір қаланың аумағында арнайы сот жүйесінің болуы емес, заңның саяси ықпалы мен экономикалық жағдайына қарамастан барлық тарапты бірдей қорғайтынына сенімді болу маңызды. Ол үшін судьяларды ашық конкурс арқылы іріктеу, олардың ауыстырылмауына кепілдік беру, сотты тәуелсіз қаржыландыру, сот шешімдерін ашық жариялау және тиімді апелляция тетігін қамтамасыз ету қажет.
Сондай-ақ жауапкер мемлекеттік орган болған жағдайда да сот шешімдерінің орындалуына кепілдік берілуі керек. Қазақстан Конституциясында судьялардың тәуелсіздігі қағидаты бекітілген, алайда оның іс жүзінде сақталуы басты көрсеткіш болады. Демек, инвестициялық сотқа деген сенім коммерциялық дауларды анағұрлым болжамды түрде қарау және халықаралық бизнеске түсінікті құқықтық қағидаттарды қолдану арқылы артады. Ағылшын моделін енгізудің өзі соттың тәуелсіз болуына кепілдік бермейді», – деп түйіндеді саясаттанушы.