×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Заманбек Нұрқаділовке Алматыда ескерткіш қою керек - қоғам қайраткерлері

14.01.2024, 14:14
Мұхтар Тайжанның Фейсбук парақшасынан

Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай Алматыда ас берілді. Мұны журналист Қанат Тілеухан өзінің Іnstagram парақшасында сторис қылып жариялады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Жылы естелік

Видеолардан асқа елімізге танымал қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысқанын аңғаруға болады. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, Мұрат Әуезов, Зейнеп Ахметова, Нұрлан Оразалин, Амангелді Шабдарбаев, Рысбек Сәрсенбай, Болат Әбілов және тағы басқалары бар.

Олар Заманбек жайлы естеліктерімен бөлісуде. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров бастаған қоғам қайраткерлері Заманбектің ескерткішін туған ауылы Кегенде ғана емес, Алматы қаласында орнату туралы ұсыныс айтты.

Заманбек Нұрқаділовтің қызы Құралай өзінің Іnstagram парақшасында асқа танымал тұлғалар келгенін, соның ішінде президенттің баспасөз хатшысы қатысқанын жазды.

Асты мәжіліс депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан жүргізді.

Мұрағат

Естеріңізге салсақ, 2005 жылдың 12 қарашасында Заманбек Нұрқаділов үйінен өлі күйінде табылды. Бұл Қазақстан кезекті «мерзімінен бұрын» президенттік сайлауға дайындалып жатқан шақ болатын. Кеуде тұсынан екі, басынан бір оқ тиген Нұрқаділовтің өлімі қоғамда түрлі әңгіме туғызды. Тергеушілер оның өлімін «өз өзіне қол жұмсау» дегенімен, қоғамдық орта оның өлімі туралы шындық ашылған жоқ деп болжайды. Нұрқаділов тірі болса 15 қаңтарда 80 жасқа толар еді…

Тосын мәлімдеме

2004 жылы Заманбек Нұрқаділов билікті сынап, атышулы мәлімдеме жасаған соң оны төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік төрағасы қызметінен алып тастады. Заманбектің тосыннан мәлімдеме жасауы қоғамды дүр сілкіндірді. Бұрын президенттің сенімді серігі әрі командасының белді мүшесі саналып келген тұлғаның аяқ астынан бұлай дүрліктіруі билік үшін күтпеген жағдай болды. Мемлекеттік ақпарат құралдары оны қаралап, неше түрлі өсек өрбітсе, оппозициялық басылымдар Нұрқаділовтің мәлімдемесін көбейтіп басып, ел арасына кеңінен таратты. Агенттік төрағасы лауазымынан айырылған қоғам қайраткері «мұнымен шектелмейтінін, өзінің бүгінгі жүйе туралы білетіні одан да көп екенін» айтып, сұхбат бере бастады. Кейіннен бірнеше ай бойы тым-тырыс қалған оған оппозициялық басылымдар «іздеу салып», қоғамдық орта аң-таң күй кешкен.

Назарбаевпен кездесу

Көп өтпей Нұрқаділов баспасөзге қайта араласып, өзінің аз уақыт тым-тырыс кету себебін «Назарбаевпен кездесіп, ашық әңгімелескенімен» түсіндірді.

Екеуара әңгіменің «құпия сақталуға» тиіс болғанын, бірақ «қарсы тарап уәдеде тұрмағанын» жеткізіп, «келісімді бұзған мен емес» деген уәж айтады. Назарбаевпен кездесу кезіндегі әңгімеде саяси жүйені жаңарту, қоғамды демократияландыру, әділ сайлау өткізу туралы ұсыныс айтқанын, мәжіліс пен президенттік сайлауды сайлаушылардың дауыс беруі арқылы әділ сайлау өткізу арқылы шешу жолдарын ұсынғанын, бірақ оның бәріне «сырғытпа» жауап алғанын, Президенттің өзімен жиі жолығуға уәде бергенімен, екі ай бойы хабарласпағанына өкпелі екенін жасырмайды.

Осы кезде ол алда болатын Президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеген еді. Үміткер бір өзі болмауы тиіс деп санайтын ол, саяси сахнада ықпалы бар Қасым-Жомарт Тоқаев, Жармахан Тұяқбай, Аслан Мусин, Төлеген Тоқтасыновтардың да президент болуға қарым-қабілеті жететіндігін, егер әділ сайлау өтсе, қоғамның дамитындығын алға тартып, президенттік сайлауға ерте қамданбаса, сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп, қарсыластарын қапыда қалдыру жүйенің ескі әдісі екендігін білетіндігін де жария етеді.

Нұрқаділов айтқандай, 2005 жылдың соңында Президенттік сайлау өтті. Сол сайлаудың қарсаңында Заманбек Нұрқаділов ажал құшты...

Серіктес жаңалықтары