Астана қалалық мәслихатының депутаты Азамат Айтқожин Астанаға блок-бекет орнату қажет деген ұсыныс айтты. Ол жолды бөгеу мәселесі тезірек көтерілсе заңсыз көші-қон реттелетінін, әйтпесе елордаға көрінген адам ағылып жатқанын алға тарты, деп жазады Ulysmedia.kz.
«Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары Астанаға жиі келеді. Неге олар құжаттар бойынша қатаң бақылаудан өтпейді?! Құжаты бұрыс адамдарды кіргізбей, қайтарып жіберу керек. Мемлекет қай өңірде болмасын жағдай жасайды. Бірақ бәрі астанамызға асық! Пәтер жалдап жарты ай не жарты жыл тұратындардың қарасы қалың. Қысқасы, блок-бекеттерді орнату қажет», - дейді депутат.
Депуттың сөзінше, блок-бекет Астананың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігінен бастап қалаға сапасыз еттің келінуіне де жол бермейді.
"Кім көрінген келеді. "Маған пәтер керек", "маған анау керек, мынау керек". Блок-бекет қойыңдар, бітті! Бәрі Астанаға ағылады, Астана созыла беретін резеңке емес қой". – деді ол.
Мәслихат депутатының дау тудырған ұсынысына бұл жолы көші-қон комитетінің төрағасы жауап берді.
"Блок-бекеттерге келетін болсақ, бұл мәселе ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатады. Ал жалпы мигранттар Астанаға квотамен келеді. Оны әкімдік белгілейді. Қандай да бір бақылаусыз, көші-қон ағыны бар деген мәселе жоқ. Астанаға келетін барлық еңбек мигранты квота бойынша реттеледі", - дейді көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев.
Естеріңізге салсақ, былтыр Қазақстанға шетелдіктер көші қайта көбейгенін жазған едік.