×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Елімізде 4 мыңға жуық адам ағза ауыстыруға зәру

27.01.2024, 16:07
Ашық дереккөзден

Елімізде 3 961 адам ағза трансплантациясына зәру. «Күту парағында» кезекте тұрғандардың 100-ден астамы – балалар. Бір ғана Атырау облысының өзінде 96 адам ағза алмастыруды қажет етіп отыр, деп жазады Ulysmedia.kz "Айқын" газетіне сілтеме жасап.

Бірақ «Күту парағынан» жыл сайын 150-300 адамның есімі «жоғалады» екен. Себебі 6-7 жылдап донорын күтетін нау­­­қастардың сырқаты дендеп, өмірден өтіп кетіп жатады. Кейін ол тізімді қауіпті диаг­ноз қойылған жаңа науқастар то­лық­тырады. 

Мамандар Қазақстанда «мәйіт донорлығы» жақсы дамыса, бір мәйіттің ішкі ағзалары кемінде 7 адамның өмірін құтқаруға мүмкіндік беретінін айтады. Бірақ трансплантацияға қатысты қауесет құшағында отырған қоғамға донор болудың маңызы туралы шынайы ақпарат жетпей жатқанға ұқсайды.

Қазақстанда «мәйіт донорлығына» заңмен рұқсат берілген. Бірақ дәрігерлер мәйіттің ағзаларын донорлыққа марқұмның туыстары келісімімен ғана ала алады. 

Атырау облыстық №2 ауруханасының реанимация бөлімінің меңгерушісі Дәурен Елеуовтің айтуынша, адам қайтыс болып кеткеннен кейін марқұмның ағзасын алудың медицина үшін пайдасы жоқ.

«Адамның миы жұмысын тоқтатқаннан кейін, белгілі бір уақытқа дейін оның жүрегі жұмыс істеп тұрады. Осы кезде біздер науқастың туыстарынан донорлыққа дене мүшелерін алуға рұқсат сұ­рай­­мыз. Рұқсат алғаннан кейін ғана аппаратты өшіріп, операция жасай аламыз. Бірақ донорлықтың маңызын біздің қо­ғам әлі де болса түсіне алмай отыр», – дейді маман. 

Атыраулық Нұрлан Қапажанов екі жылдан бері бүйрек ауруымен күресіп келеді. Осы уақытқа дейін үш рет операцияны өткерген Нұрлан қазір Гемодиализ орталығында ем алып жүр. Бұл орталықта ол бүйрек қызметін «атқаратын» арнайы аппаратқа аптасына үш мәрте қосылып ем қабылдайды. 

«Бүйрек ауыстыруға мұқтаж екенімді туыстарыма ғана айттым. Әрине, трансплантация жасау – күрделі операция. Сау адам үшін де дене мүшесімен бөлісу оңай шешім емес. Әзірге ем қабылдауды жал­ғас­тырамын. Бәрі үйлесіп, сәтті ота жасататыныма үміттімін», – дейді Нұрлан.

Былтыр Қазақстанда 19 ағза ауыстыру операциясы жасалған. «Бұл – өте төмен көрсеткіш» дейді гемодиализбен ауыратын науқастар қауымдастығының жетекшісі Айжан Кударова. 

«Қазақстанда ағза ауыстыру отасын жасайтын 7 транспланттау орталығы бар. Мұндай күрделі оталар елде тегін жасалады. Бірақ донор болмағандықтан, жылына «күту парағынан» 300-ге жуық адамды жоғалтып жатырмыз. Сондық­тан мәйіт донорлығын дамыту өте өзекті», – дейді Айжан Кударова.

Елімізде алғаш рет қостанайлық азаматтың жүрегі алмастырылған болатын. Отаны «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» базасында 2012 жылы Қазақ­­­станның жоғары білікті кардиохирургы Юрий Пя жасады. Кейін осы еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мәліметінше, 2012 жылдан 2023 жыл­­ға дейінгі кезеңде барлығы 2 619 ағ­­­заны ауыстырып салу операциясы жа­салған. Әр цифрдың артында адам және оның өмірі тұрғанын ескерсек, мә­йіт до­нор­лығын дамытуға мықтап кірісу керек-ақ. 

Серіктес жаңалықтары