ҚР ҰБ төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің негізгі тезистері базалық мөлшерлемені 0,25 п.т. – 9,75%-ға дейін көтеруге негіз болған себептерді атады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
ҰБ өкілі базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдар кезде сыртқы сектордағыдай ішкі экономикадағы көптеген фактордың әсері сараланатынын айтады. Ал, дәл қазіргі шешімді қабылдауда ішкі факторлар әлдеқайда көбірек назарға алынған.
«Біріншіден, инфляция 2021 жылдың соңында 7,5-8,5% болады деген базалық сценарийден жоғары қалыптасып жатыр. Бұл ең маңызды фактор және біздің барлық іс-әрекетеміз 2022 жылдың соңында инфляцияның 4-6% мақсатты дәлізіне кіруіне бағытталады. Екіншіден, бұл тауарлар мен қызметтерге деген сұраныстың кеңейіп жатқан факторы. Бұл қазақстандық экономиканың қалпына келудегі белсенділігі мен халық арасындағы тұтыну деңгейінің артуымен байланысты. Екінші тоқсанда үй шаруашылықтарының номиналды тұтыну шығындары 19,5% дейін артты. Тез қарқын алып жатқан сұраныс ұсыныстан артып, инфляциялық процестерді жылдамдатып отыр. Бұл тек Қазақстанда болып жатқан құбылыс емес, қазір бұндай тенденцияны әлем бойынша байқауға болады. Үшіншіден, дәл қазір біз халықтың инфляциялық болжамдарға қатысты өсімін байқап отырмыз. Бір жылдан кейінгі болжамды инфляцияның сандық бағасы артып, қыркүйектің қорытындысы бойынша 9% жетті. Бұл көбіне бағаның қазіргі өсімін ескеріп жасалған болжам болып отыр. Сауалнаманың қорытындысына сүйенсек, оған қатысқан адамдардың 71% соңғы жылы бағаның қатты өскенін айтқан, бұл – сауалнама тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі», - дейді Ақылжан Баймағамбетов.
Оның айтуынша, Ұлттық банк экономикалық агенттерді жинақы әрекетке ынталандыра беру үшін осы обьективті факторларға базалық мөлшерлемені өсіру арқылы әрекет танытып отыр. Сонымен қатар, ақша және валюталық нарықтарда қисынсыз теңсіздік пайда болмауы үшін де осындай шешім қабылданған.
ИНФЛЯЦИЯ ФАКТОРЫ
Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, әлемнің көптеген елінде дәл қазір инфляциялық қысым күшейген. Бұл – жаһандық тренд. Дамыған елдер сияқты, дамушы елдер де бағаның тез өсуіне тап болып отыр. Әлемдік инфляцияға қарқын берген фактор да осы – азық-түлік бағасының артуы.
«Ал, бізде жылдық инфляцияға әсер етіп отырған негізгі фактор ол әрине бұрынғыдай азық-түлік бағасының өсімі, қыркүйек айында ол 11,5%-ға жетті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың инфляциясы 7,5%-ға, ақылы қызметтер саласындағы инфляция – 6,8% болды. Ішкі теңгерімсіздік инфляциялық процестерге кәдімгідей әсер етеді. Маусымаралық «шок» маусым айында көкөніс бағасын 31%-ға дейін өсіріп жіберді, ал 2020 жылдың маусымында ол 2,6%-ға ғана көтерілген еді. Бұл мәселені өткен сұхбаттарымызда да атап өттік. Дегенмен біз жағдайдың тұрақталып келе жатқанын көріп отырмыз, себебі қыркүйекте көкөніс бағасының өсімі жылдық мәнде (23,5%-ға) кідірді, әйтсе де, көрсеткіш жоғары екі таңбалы сандық мәнде қала береді. Ал, алқапта көкөніс маусымы аяқталғанын ескерсек, енді олардың бағасы көтеріледі деген қауіп те жоқ емес», - дейді ол.
ҰБ өкілі ел ішіндегі азық-түлік бағасының қымбаттауына айтарлықтай ықпалын тигізіп отырған сыртқы факторларды да ұмытуға болмайтынын айтады. Қыркүйекте ФАО азық-түлік бағасының индексі 32,8% өсті. Әлем бойынша азық-түліктің тез қымбаттап жатқан тенденциясы былтыр жылдың ортасынан бастап байқалған. Сонда барлық негізгі тауарлық топтар бойынша баға өсімі тіркелген. Бұл жерде дәнді дақылдар, өсімдік майлары, сүт өнімдері, ет пен қант бағасының қымбаттаған.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының өсуіне ықпал еткен факторлар туралы айта келе Ақылжан Баймағамбетовт азық-түлікке жатпайтын тауарлардың да орны бөлек екенін атап өтті. Жалпы инфляциялық қысымға тұтынушы сұранысының артуы, карантин кезінде жауапсыз қалуынан кейінге шегерілген сұраныс және халықтың шынайы табысының артуы түрткі болып отыр. Бұның барлығы карантин жеңілдегеннен кейін экономикалық белсенділіктің қалпына келуімен тікелей байланысты. Атап айтсақ, қыркүйек айында тұрмыстық заттар, киім, аяқ киім, жанар-жағармай, көмір бағаларының қымбаттауы азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының артуына себеп болды.
«Қыркүйек айында, сондай-ақ ақылы қызметтер инфляциясының қарқынды өсімі тіркелді. Оқу жылының басталғанына байланысты жалға алатын баспана құны мен білім беру бағасы күрт өсті. Жалға алу бағасының артуына жылжымайтын мүлік бағасының көтерілгені әсер етті. Реттелетін қызметтердің құны да өсіп келеді. Қыркүйек айында бұндағы өсім 5,6% болды. Біз ақша-кредит саясатының стратегиясында ескерткендей, кейінге шегерілген инфляцияның әсері енді білініп жатыр. Бұған дейін электр қуаты тарифтерінің бағасын ұстап қалғандықтан, қазір оның өсімі 8,3%-ға жетті, бұл – жанама түрде жалпы инфляция деңгейіне әсер ететін дүние. Біз, сондай-ақ осы жылдың көктемінен бері халықтың да, кәсіпорындардың да инфляциялық болжамдарды еселей түскенін байқап отырмыз. Бұл фактор, негізінен, жанар-жағармайдың, электр энергиясы мен азық-түлік бағасының өсуіне ықпал етті. Ең көп тұтынатын тауарлар, яғни, ет, жеміс-жидек, нан сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына қатысты қымбаттайды деген болжам жоғары деңгейде сақталып отыр», - дейд іол.
«ИМПОРТ ИНФЛЯЦИЯСЫ»
«Сөзсіз, «импорт инфляциясы» деген түсінік бар және қазіргі таңда ол өзекті. Біздің елдегі экономикалық және инфляциялық процестер сыртқы экономикалық факторлардан тәуелсіз бола алмайды. Бұл Қазақстанның жоғарғы сыртқы сауда айналымымен байланысты (ЖІӨ шаққанда 50% шамасында). «Импорт инфляциясын» біздің сауда серіктесіміз болып отырған елдердегі инфляция жағдайына анализ жасау арқылы қарау керек. Мысалы, қыркүйек айында Еуроодақтағы жылдық инфляция 3,6%-ға жетті. Бұндай көрсеткіш 2018 жылғы қаржы дағдарысы кезінде ғана байқалған еді. Қазақстанның тағы бір ірі сауда серіктесі – Ресей. Қыркүйек айында бұл елдегі жылдық инфляция мақсатты дәлізден (4%) асып, қыркүйек айының қорытындысы бойынша 7,4%-ға жеткен», - дейді ол.
Ақылжан Баймағамбетов тұтынушы тауарларының импорты инфляцияға тікелей әсер ететінін, соңғы бірнеше жылда оның үлесі айтарлықтай өзгермегенін атап өтті. Соңғы 7 жыл ішінде тұтыну импортының үлесі 37-39% арасында тіркелген. Импорт тауарларының айтарлықтай көп үлесі азық-түлікке жатпайтын тауарларды тұтынуда байқалды (2020 жылдағы үлесі – 60%).
«Егер жалпы импорт туралы айтар болсақ, ол, сөзсіз, төлем балансына да ықпалын тигізеді. Қараша айының басында Ұлттық банк осы жылдың 9 айындағы төлем бағасына алдын ала болжам жасап, нәтижесін жарияламақ. Алайда, қазірдің өзінде, 8 айдың қорытындысына сүйене отырып, импорт тарапынан болатын қысым әлсіремегенін айта аламыз. Өзіңіз бағалап көріңізші, 2021 жылдың 8 айында тұтыну тауарларының импорты 2020 жылмен салыстырғанда 23,9%-ға өсіп, 7,7 млрд долларды құрады. Осы көрсеткіш ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар көш бастап, 29,8% өсім көрсеткен. Қазақстан ашық экономика бола тұра, ел ішінде кең көлемде тұтыну тауарларын өндірмейтіндіктен, біз ондай тауарларды шетелден импорттауға мәжбүрміз. Тиісінше, шет елдерде бұндай тауарлардың бағасы қымбаттаған кезде, ол ішкі бағаларға да айтарлықтай ықпал етері сөзсіз», - дейді ол.
Еске сала кетсек кеше Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдаған болатын.
Бұған дейін Ulysmedia.kz тілшісі базалық мөлшерлемені көтеру ел өмірі мен экономикаға қалай әсер ететінін жазған болатын.