×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Айлық аз, жағдай жоқ»: Қазақстан армиясынан 15 бригадаға тең әскерилер кетіп қалған

30.01.2024, 14:40
«Айлық аз, жағдай жоқ»: Қазақстан армиясынан 15 бригадаға тең әскерилер кетіп қалған
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжілісте қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов әскери қызметшілердің айлығы аз екенін айтып, ұзын-сонар баяндама жасады. Сөзінің түпкі мәні – әскерилердің айлығының аздығы, әлеуметтік тұрғыда қамтылмауы, кадрлардың армиядан жылыстауы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Камалетдинов не дейді?

Сұлтан Камалетдиновтың айтуынша, 2012 жылы заңмен әскерилерге берілген көп артықшылық, жеңілдік пен төлем жойылған. Бұл әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне де әсер етіп, олардың мәртебесін айтарлықтай нашарлатқан. Мәселен, бұрын далалық төлемдер (оқу-жаттығулар, даладағы жаттығулар), белгіленген іссапар шығыстарының тәуліктік 60% мөлшерінде қосымша үстемеақы (жұмыстың саяхат сипаты), әскери қызметшілерге бірінші келісімшарт жасасу кезінде біржолғы ақшалай сыйақы берілген. Олардың бәрі жойылған.

Сондай-ақ, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болған әскери қызметтен босатылған адамдарға, оның ішінде әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне әскери-емдеу бөлімшелерінде медициналық көмек алу мүмкіндігі де тоқтатылған. 

Сонымен қатар, 1998 жылға дейін әскери қызметшілер 20 жылдық еңбек өтілі бойынша зейнетке шығуға құқылы болған. Ол ақшалай үлестің 60-85% аралығында тағайындалған. 

Бүгінгі таңда зейнеткерлікке шығу құқығы 25 жыл еңбек сіңірген кезде 50-65% шегінде және тек ақшалай қаражаттың жалақысынан (лауазымы мен әскери атағы бойынша) туындайды, ал 25 жылдан асқан әрбір жыл үшін тек 2% ғана есептеледі.

– Ел бойынша орташа жалақыны және келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің ақшалай үлесін талдау қорытындысы бойынша төмендеу жағына қарай ақшалай үлес мөлшерінің ара-қатынасы белгіленді: қатардағы атқышта 30%, зеңбірекші-операторда 40%, рота сержантында республика бойынша орташа жалақының 59% ғана тиесілі, – дейді ол.

Кадрлар кетіп жатыр

Айлық аз, әлеуметтік көмектер берілмегендіктен, әскери қызметшілер армиядан кетіп жатыр. Жыл сайын олардың саны азаймаған.

– Тек 2020-2023 жылдар аралығында Қарулы күштерден 17065 әскери қызметші босатылды. Оның ішінде 4301 офицер және келісімшарт бойынша 12764 әскери қызметші. Салыстыру үшін, бұл шамамен 15 механикаландырылған бригада! – дейді Камалетдинов.