×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қайрат Сатыбалдыұлынан тағы 44,6 млрд теңге мемлекетке қайтарылды

08.02.2024, 08:34
Қайрат Сатыбалдыұлынан тағы 44,6 млрд теңге мемлекетке қайтарылды
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бұл туралы антикор ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Агенттіктің хабарлауынша, Асхат Жұмағали президенттің үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша құрылымдық және аумақтық департамент басшыларымен жедел кеңес өткізген. 

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен Қ. Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекетке 2024 жылдың басынан бастап қосымша 44,6 млрд теңге қайтарылды. Қазіргі уақытта қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебінен республикалық бюджетке жіберілді, – делінген хабарламада.

Өткен айда Антикордың ресми өкілі жалпы Қайрат Сатыбалдыұлынан мемлекетке 650 млрд теңгенің активі қайтарылғанын хабарлаған еді.

Одан бөлек, бір жыл бұрын Антикормен бизнесті қорғау жұмысы аясында «Бизнеске жол» жобасы іске қосылғаны, ол жергілікті жерлерде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін жүйелі әкімшілік кедергілерді жоюға арналғаны хабарланады, Жоба іске қосылған сәттен бастап 600-ден астам проблемалық кейс шешіліп, 30 мыңға жуық кәсіпкерге көмек көрсетілген.

Сатыбалды не үшін сотталды?

Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурыз айында «Қазақтелеком» АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын.

Әу баста тұңғыш президенттің жиенін тұтқындау кезінде оның басқа қылмыстарға да қатысы болуы мүмкін екені айтылған-ды. Антикор сотқа дейінгі тергеуді былтыр тамыз айында аяқтады. Ведомство өкілдері «тергеу барысында мемлекетке жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден асатын немесе 500 миллион АҚШ долларынан асатын заңсыз сатып алынған активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды», деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Сатыбалды «салықтар мен кедендік төлемдерден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша» қосымша тергеліп жатқаны хабарланды.

Ал 2022 жылдың қыркүйегінде Астанадағы Байқоңыр ауданының соты үкімді жариялады. Қайрат Сатыбалды қылмыстық істің тағы төрт фигуранты – ОКҚ директорлар кеңесінің төрағасы Марат Мұхамеджанұлымен, ОКҚ президенті Гайни Бекетовпен, «Қазақтелеком»АҚ корпоративтік бизнес директоры Леонид Муравьевпен және спортшы Шыңғыс Қонарбаевпен бірге екі компанияға – «Қазақтелеком» АҚ және «Көлік қызмет көрсету орталығы» АҚ-ға ұрлық жасады және мүліктік зиян келтірді деген айыппен кінәлі деп танылды.

Сот сотталушыларға «Көлік қызмет көрсету орталығы» компаниясынан 28 миллиард теңгеден астам қаражат ұрлады және «Қазақтелеком» компаниясына 12 миллиард теңгеден астам мөлшерінде материалдық залал келтірді деген айыпты дәлелдеді.

Сатыбалды алты жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленді. Президентке оның мемлекеттік наградалары мен ҰҚК генерал-майоры атағынан айыру туралы ұсынылды. Сондай-ақ 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынды. Бұл істің қалған қатысушылары шартты мерзімге сотталды. Бекетов пен Мұхамеджанұлы 6 жыл, Муравьев пен Қонарбаев 2,5 жыл «арқалады».