×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қарақалпақ белсендісін отбасымен Варшава әуежайында ас-сусыз 12 сағат бойы ұстаған

09.02.2024, 12:37
Қарақалпақ белсендісін отбасымен Варшава әуежайында ас-сусыз 12 сағат бойы ұстаған
Наурызбай Меңлібаев / Петр Троценконың фотосы / RFE/RL

Белсендінің отбасы камераға қамалып, оларға кемі 12 сағат бойы тамақ пен су берілмегені хабарланады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Не болды

Қарақалпақ белсендісі Наурызбай Меңлібаев әйелі, бір жасар баласымен бірге Варшава әуежайының изоляторында 12 сағат бойы ас-сусыз ұсталғаны белгілі болды, деп жазады Азаттық радиосы.

– Отбасы 2024 жылдың 8 ақпанында таңғы сағат бестен бастап жолда болды. Варшаваның Шопен атындағы әуежайына Венадан 2024 жылдың 8 ақпанында таңғы сағат 9-да ұшып келді. Оларды камераға қамады, кем дегенде 12 сағат бойы тамақ пен су берілмеді. Емшектегі бала бар. Сусыз, стресте анадан сүт те шықпаған. Балаға арнайы тамақ берілмеген, - дейді құқық қорғаушылар.

Белсендінің отбасы Австриядан Польшаға баспана беру туралы өтініш қай елде қаралуы керектігін анықтайтын ереже аясында жіберілген.

Меңлібаев Өзбекстанға депортациялануы мүмкін

Қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбайдың айтуынша, Австрия белсенді Наурызбай Меңлібаевты әйелі мен жас баласымен бірге елден шығаруы ықтимал екені кеше хабарланған еді.

Меңлібаев 2013 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Ол Өзбекстан билігінің талабы бойынша қамауға алыну қаупіне байланысты Қазақстаннан кеткен. Бұған дейін Меңлібаев Польшадан саяси баспана алуға тырысқан.

Мұратбайдың айтуынша, 2015 жылдың күзінде Қарақалпақстандағы туыстарына барған кезде Менлібаевты Өзбекстанның арнайы қызметтері ұстап алып, төрт күн бойы азаптаған.

– Меңлібаевтың туыстары Қазақстанның Ташкенттегі елшілігіне шағымданғаннан кейін ғана дипломаттар араласып, Менілібаев босап шыққан, – дейді Мұратбай.

Қазақстанда қарақалпақ белсенділерінің қамауға алынуы

Өзбекстан билігінің өтініші бойынша Қарақалпақстаннан келген бес белсенді Қазақстанда 12 ай бойы экстрадициялық қамауда болды. Қазақстан билігі саяси баспана беру туралы өтініштерін қабылдамады.

2024 жылдың 9 қаңтарында Маңғыстау облысындағы қарақалпақ диаспорасының басшысы Ниетбай Оразбаев Алматы ауруханасында қайтыс болды. 2023 жылдың мамырында ол Өзбекстанда сырттай 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Оразбаев "билікті басып алу жөніндегі қастандыққа", "жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға", сондай-ақ "қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қауіп төндіретін материалдар жасау" баптары бойынша Өзбекстанда кінәлі деп танылған. 2023 жылдың желтоқсанында Оразбаевтың Қазақстан азаматтығынан айырылғаны белгілі болды.

Қарақалпақстандағы наразылықтар

2022 жылдың шілде айының басында Нүкіс, Мойнақ және басқа қалаларда Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін жоятын конституциялық түзетулерге қарсы наразылықтар болған еді.

Бірақ билік демонстрацияларды билікті басып алу әрекеті ретінде қарастырып, акцияларға қатысушыларға көзден жас ағызатын газ, резеңке оқтар мен түтін бомбаларын қолданған.

Ресми мәліметтерге сәйкес, наразылық білдірушілерді тарату кезінде 21 адам қаза тауып, 243 адам жарақат алған.