×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстанда тұран жолбарысы көбейе ме

13.02.2024, 12:11
Қазақстанда тұран жолбарысы көбейе ме
Ашық дереккөзден

2026 жылы тұран жолбарысын қазақ жеріне қайта жерсіндіру ісі басталады, деп жазады Ulysmedia.k. 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Мұндай жоспар Самарқанда өтіп жатқан жабайы жануар түрін сақтау жөніндегі халықаралық конвенция отырысында айтылды. Жиынға еліміздің экология және табиғи ресурстар вице-министрі мен бір топ отандық сарапшылар қатысты.

Ежелде Тұран атырабын мекен еткен жолбарыс тұқымы көп ұзамай қайта пайда болып, тіпті көбейе түсетініне ғалымдар сенімді. Бұл ретте, қазақ даласына табиғаты жағынан ұқсас саналатын Амур тектес жыртқышты әкелу көзделіп отыр. Оның тұқымы біздің өлкеге әбден жерсінген соң тұран жолбарысына айналмақ.

- Ел Үкіметі осы жыртқышқа арналған экожүйені қалыптастыру бойынша БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен гранттық келісім жасады. Оның аясында Тұран жолбарысының қоректік базасын құру ісі басталды. «Алтынемел» ұлттық паркінен «Іле-Балқаш» резерватына 60 құлан әкелінді. «Қара Бақанас» арнасын тазарту бойынша жобалық құжаттама әзірленді. Оның нәтижесінде тұран жолбарысы үшін су қажетті көлемде болады деп жоспарланған, – дейді БҰҰ даму бағдарламасының жануарлар дүниесін басқару жөніндегі сарапшысы Айман Омарбекова.

Мамандардың айтуынша, Қазақстан Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен келісімге де қол қойған. Ұйым өз қаражаты есебінен еліміздегі «Алтынемел» ұлттық паркіне бұқар бұғысын жіберді. Соңғысы тұран жолбарысының қорегі саналады. Экожүйеге пайдасы аз емес.

- 2026 жылы Амур жолбарысын Ресейден әкелу жоспарда бар. Және Еуропаның тағы бірқатар мемлекетінен жеткізу қарастырылып жатыр. Барлығы тегін. Орындар мен экожүйе дайын. Ғалымдар да тиісті әзірлік жұмыстарын жүргізіп жатыр, – дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Нұркен Шәрбиев.

Әуелі Амур жолбарысының тек 2-3 басы әкелінбек. Тәжірибе сәтті жүзеге асса, бұрындары Сырдария мен Іле өзенінің жағалауын мекендеген жануардың тіршілігі қайта жанданады. Бұл іс мемлекетке имидждік пайда әкеліп қана қоймай, шетелдік туристер ағынын арттыруға сеп болмақ.