Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 1 наурыздан бастап бүкіл Қазақстанда уақыттың теңесуі қазақстандықтардың денсаулығына оң әсер етеді деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Біраздан бері бұл мәселе зерттеліп жатыр. Үкімет тарапынан комиссия құрылып, бір жылға жуық зерттеу жүргізді. Қазақстанда халықаралық қандай тәжірибелер бар, солардың бәрін зерттеді. Адам физиологиясы орталығы, астрофизика орталығында ғылыми ортада зерделеніп, дәлелденген ақпараттарға сүйене отырып шешім жасалды, – деді Ақмарал Әлназарова Астанада өтіп жатқан оқу-ағарту және ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген отырысы алдында.
Министрдің айтуынша, уақыт белдеуінің өзгеруі халықтың денсаулығына оң әсер етеді деп есептейтінін айтады.
– Адамдардың ғасырлар бойы қалыптасқан биологиялық сағаттары бар. Сол биологиялық сағат пен әкімшілік сағаттың екеуін теңестіруге барлық мемлекеттер бара бермейді. Себебі бұл азаматтардың денсаулығына пайдалы әсері болғанымен, экономикалық тұрғыда кейбір жерде нелер (?) келуі мүмкін. Бірақ ең бастысы, мемлекетіміз осы сұрақты шешуде ең басты мақсаты – халықтың денсаулығын жақсарту. Мемлекеттің бұл шешімі өте орынды деп есептеймін, – дейді ол.
Қаулы не дейді?
Үкімет басшысы таяуда Қазақстан аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы қаулыға қол қойған еді.
Құжатқа сәйкес, елде Қазақстанда уақытты есептеу сағат белдеулерінің халықаралық жүйесі бойынша жүргізіледі. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5-ші сағаттық белдеу қолданылады. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа ауыстырады.
19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекіткен еді.
Зерттеу
Былтырдан бастап медицина, физиология, география, метрология және басқа да түрлі салаларды қамтитын жұмыс тобының мүшелері Қазақстанда қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеп келеді. Жұмыс тобына қатысушылар UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ең дұрыс және оңтайлы нұсқасы екенін және Қазақстанның көптеген аймақтары табиғи уақытқа ең жақын уақытты пайдаланатын болады деген ортақ пікірге келген. Бұл ретте жұмыс тобы халықаралық тәжірибені саралап, әлемнің 175 елінде бірыңғай уақыт белдеуі қолданылса, 22 мемлекет бірнеше уақыт белдеуінде екені белгілі болып отыр.