Түркияның мұнай өңдеу зауыттары Ресейдің орнына баламалы жеткізушілерден шикізатты белсендірек сатып ала бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Агенттіктің жазуынша, бұл жағдай нарықта Ресейдің мұнай саласына қарсы енгізілген жаңа батыс санкцияларымен байланысты. Reuters мәліметінше, елдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі — Әзербайжанның SOCAR компаниясына тиесілі STAR зауыты желтоқсан айына Қазақстаннан, Ирактан және басқа да елдерден бірден төрт партия мұнайға тапсырыс берген.
Жеткізілім көлемі тәулігіне орта есеппен 77 мыңнан 129 мың баррельге дейін бағаланады. Сатып алынған мұнайдың ішінде сапасы жағынан ресейлік Urals маркасына ұқсас қазақстандық KEBCO мұнайы да бар. Бұған дейін биыл STAR мұндай бір-ақ партия алған, ал 2024 жылы мүлде KEBCO сатып алмаған еді.
Тағы бір ірі мұнай өңдеуші — Tupras компаниясы да Ирактан жеткізілімдерді көбейтіп, Еуропаға отын экспортын жалғастыру үшін өз зауыттарының бірінде ресейлік мұнайдан толықтай бас тарту мүмкіндігін қарастырып отыр. Алайда компанияның екінші зауыты ресейлік шикізатты өңдеуді жалғастырады. Kpler деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Түркия тәулігіне шамамен 669 мың баррель мұнай импорттаған, оның 47%-ы Ресейден келген.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, қазан айының соңында «Роснефть» пен «Лукойл» АҚШ санкциялар тізіміне енгізілді, ал Еуропалық одақ ресейлік мұнай компанияларымен кез келген мәмілелерге тыйым салған 19-шы шектеу пакетін қабылдады. Осыдан кейін Үндістандағы мұнай өңдеу зауыттары жаңа сатып алуларды уақытша тоқтатты, бірақ кейін Indian Oil санкцияға ілікпеген жеткізушілер арқылы сатып алуды ішінара қайта жалғастырды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Түркияны ресейлік энергия көздерінен бас тартуға шақырған еді, алайда Анкара бұл шешімді жеке компаниялар өздері қабылдайтынын мәлімдеген.