Елдегі іргелі әлі рейтингі жоғары оқу орындарының бірі – Maqsut Narikbayev University-де бүгін салтанатты түрде «MIND» ғылыми-зерттеу және ғылыми-талдау орталығы ашылды. Орталық «think & do tank» үлгісіндегі ғылыми ой мен тәжірибені біріктірген. Оны құрған университет басшылығы «миға шабуыл» жасап, әр саладағы мәселелерді ой талқысына салып, сауатты түрде зерттеуді көздеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бастама несімен маңызды?
Орталықтың ашылу салтанатына білім, ғылым, журналистика саласында жүрген сарапшылар, мамандар шақырылған. Алдымен, сөз Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке берілді. Оның айтуынша, Қазақстанда тәуелсіз сараптамалық болжамдау орталықтары аз. Министр оны мойындау керек дейді. Шетелде мәселен, үйлесім сақталады: мемлекеттік зерттеу орталықтары, жекеменшік зерттеу орталықтары қатар жұмыс істейді.
«Неліктен бұл бастама маңызды? Қазір сараптаманың, болжамның, форсайд, алдын ала болашақпен жұмыс істеудің маңызы өте жоғары. Өте күрделі геосаяси, халықаралық, экономикалық, аймақтық жағдайлар болып жатыр. Жақында президент «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында осы мәселені қозғаған еді. Болашақпен қалай жұмыс істей алатын, дұрыс болжам жасай алатын, алдын ала тетіктерді пысықтай алатын компаниялар, ұйымдар, жеке тұлғалар жеңісте болады. Біздің министрлік «MIND» орталығын қолдауға дайын», - дейді Саясат Нұрбек.
Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес бас хатшысы Қайрат Сарыбай да орталықтың жұмысына табыс тіледі.
Орталықтың басымдығы неде?
MNU Басқарма Төрағасы Талғат Нәрікбаев орталықтың ашылуын университет тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндағы басты миссия – қоғам мен ел мүддесіне қызмет ету.
«Осы орайда біз өзімізді қарқынды, сапалы алаң деп санаймыз. Сол себепті мемлекет басшысының назарына жететін аналитикалық баяндамаларды дайындауды көздеп отырмыз. Аналитикалық орталық ғылыми ой мен тәжірибені біріктіреді. «Think & do tank» форматында бізде тек кеңес берумен шектелмей, әрекет ету бірегей мүмкіндіктері де бар. Мәселен, «MIND» орталығы Парламент Сенатының жобалық кеңсесімен жұмыс істейді. Бұл айналып келгенде заңнамалық бастамаларды іске асыруға жол ашады. Осылайша, ғылыми орталық барлық жобасын ілгерілетіп, оны жүзеге асыруға көмектеседі», - дейді ол.
Талғат Нәрікбаев орталықтың басымдығы – сарапшылар ортасының барында дейді. Профессорлық құрамнан көп үміт күтеді. Академиялық байланыс пен ғылыми әзірлемелер барын атап өтеді.
«MIND» миссиясы қандай?
«MIND» орталығы жоғары саяси басшылық, ірі инвесторлар және халықаралық компаниялардың ақпараттандырылған шешім қабылдауы үшін сапалы зерттеулер мен талдауларды ұсына отырып, Қазақстанда, одан тыс жерде де талдау қызметін жетілдіруге ұмтылады. Өзекті тақырыптар бойынша тәуелсіз қолданбалы зерттеулер жүргізіп, барлық деңгейде стратегиялық шешімдер қабылдау сапасын арттыруға жоспарлайды.
Қоғам мен мемлекетке әсер ететін макро және микроүдерістер туралы жұртшылық пен сарапшылар қауымдастығын хабардар етуді, Қазақстанда сараптамалық зерттеулер деңгейін арттыруды, тәжірибе алмасу және аса маңызды мәселелерді талқылау үшін ғылыми-талдау іс-шараларын ұйымдастыруды көздеп отыр. Әлемнің озық талдау орталықтарымен ынтымақтастық орнату мақсаты да бар.