×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Мәһрді имам емес, "петличкасы" барлар сұрап жүр

17.02.2024, 16:09
Мәһрді имам емес, "петличкасы" барлар сұрап жүр
Ашық дереккөзден

Соңғы кезде қоғамда мәһр мәселесі жиі талқыланып жүр. Шариғатқа сәйкес, жас отбасының некесін қиған имам жаңа түскен келіннен мәһрге не қалайтынын сұрайды. Ал бүгінде петличка ұстаған блогер, блогер-сымақтар қыздарды тоқтатып алып, "мәһрге не қалайсың?" деп діни салттың берекесін шығарды, деп жазады Ulysmedia.kz тілшісі.

Мәһрге не сұрайсыз?..

Әлі тұрмыс құрмаған танымал өнер иелері автокөлік, тіпті ұшақ сұрайтынын айтып елең еткізгені бар. Автокөлік демекші, бұған дейін әлеуметтік желілерден мәһрге көлік сұраған келіншегін мешітте тастап кетіп, үйленуден айнып қалған жігітті де көрдік. Кейбір жігіттер болса “көлікті әперемін” деп ғашығынан қол үзгісі келмейтінін аңғартты.

Өткен жолы мәһрге 2 мың дана кітап сұраған танымал актриса Құралай Анарбекова көпшілікті таңғалдырды. Актрисаның айтуынша, ол болашақта өзінің жеке үлкен кітапханасы болғанын қалайды.

“Көбі көлік, үй сұрап жатады. Менің арманым - үлкен кітапхана жасау. Шамамен кітапхананың қандай болатынын білемін. Маған 2 мың кітап берсе екен деймін. Ол кітаптар әншейін емес, бір сирек кітаптар болса. Басты мақсат - оны бір күнде беру емес, жылдар бойы бірге жинап, мәһрдегі 2 мың кітапты болашақта балаларымызға, немерелерімізге мұра етіп беру. Психология, тарихи, әлеуметтану бағыттары бойынша ең жақсы кітаптар сыйласа екен деп армандаймын”, - деді Құралай Анарбекова.

Ал танымал продюсер Баян Мақсатқызы "ХабарLIKE" бағдарламасына берген сұхбатында жолдасынан мәһрге кеңсе сұрағанын айтты.

"Мәһрге кеңсе сұрадым. Қыздар әдетте жүзік секілді бұйым сұрап жатады ғой, жеке өзім кеңсе сұрадым. Үлкен кеңсе", - деп жауап берді ол.

Нұрлан имам не дейді?

Неке қию кезінде мәһрге қымбат брендті киімдер мен қымбат маркалы көлік немесе қаладан пәтер сұрайтын жас келіндер қатары көбейгенін жаздық. Осы орайда елімізге танымал дінтанушы Нұрлан имам мәһрге мұндай нәрсе сұрау дінде қаншалықты дұрыс екенін айтты.

Нұрлан қажы Байжігітұлының сөзінше, шаңырақ көтергелі отырған жастарға имам неке жайлы түсіндіріп беруге міндетті. Алайда мәһрді шешіп беру оның қызметіне жатпайды.

«Мәһр — жұбайлардың арасында өзара шешілетін нәрсе. Оған молданың еш қатысы жоқ. Кейде имамдар да ортаға кіріп кетіп жатады. Бұл — дұрыс емес», — дейді ол.

Дінтанушының сөзінше, мәһр сұрағанда әйел ерінің жағдайына қарағаны жөн.

«Еркектің жағдайы болмауы да мүмкін. Сол себепті, мәһр сұрағанда әйел ерінің жағдайына қарағаны абзал. Әрине әйелге салсаң Lamborghini, пентхаус, пәтер деп кете береді. Мұндай кезде ер адам әйелімен саудаласып, ақылға қонымды нәрсеге көндіруі керек. Саудаласып, мәмілеге келсеңіз екі жақ та өкпелемейді», — дейді Нұрлан қажы.

Дінтанушының айтуынша, мәһрдің белгіленген мөлшері жоқ. Бірақ мәһрге 50 миллион теңге сұраған қалыңдық та, «махаббат сұраған» әйел де кездескен.

«Мәһрге елу миллион теңге сұрағандар да бар. Елу миллион, ойлаңызшы?.. Мен бір рет неке қиғанда, келіншек бес миллион теңгеге дейін сұрады. Сол кезде ерінің көңіл-күйі бірден түсіп кетті. Мұны түсінген әйелі «кешірдім» деп, күліп жіберді. Бір рет мәһрге ерінің өмірлік махаббатын сұраған әйел кездесті. Мәһрге махаббат беруге болмайды. Мәһр дейтін сатуға болатын, бағалы дүние. Құдай бетін әрі қылсын, егер ажырасып кетсеңіз, сіз екінші рет күйеуге тигенше мәһрге алған затыңызды сатып, күн көруіңіз керек. Мұның мағынасы сонда жатыр», — дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Сөз соңында дінтанушы мәһрге қандай сыйлық берілсе де, бастысы арадағы түсіністік екенін баса айтты. «Шамаңыз келсе, жер бетіндегі жалғыз махаббатыңызға бүкіл Қазақстанның жер қойнауындағы байлықты сыйлап жіберіңіз. Бастысы — екеуара түсіністік болсын», – дейді Нұрлан имам.

Естеріңізге салсақ, мәһрге Cobalt көлігін сұраған қалыңдық елдің талқысына түскен еді.