Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «СҚ «Фармация» мекемесінің қызметін талдау жұмыстанын аяқтады. Мемлекет басшысына берген есебінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали осындай мәлімет келтірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– «СҚ «Фармация» ЖШС қызметін талдау жұмыстары аяқталған. Мұнда да медициналық препараттар мен жабдықтарды сатып алуға қатысты айтарлықтай жемқорлық тәуекелдері анықталған. Әлеуметтік маңызы бар проблемалы объектілердің құрылыс барысын қадағалау нәтижесінде бүкіл ел бойынша 32 ғимарат пен нысан салынған, – делінген Ақорда таратқан ақпаратта.
Антикор басшысы сонымен қатар, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік” жобасы аясында сомасы 2 миллиард теңгеден асатын тауарлар мен қызметтердің бағасын көтеру тәуекелдеріне жол берілмегені жөнінде есеп берген. 10 мыңға жуық азаматқа тегін құқықтық көмек көрсетілген. Ұлттық банктің «Цифрлық теңге» жобасы арқылы «ақшаны бояу» тетігін енгізу мәселесі пысықталған.
Қазір Цифрлық теңге пилоттық режимде Алматы қаласындағы мектептердің бірінде іске асырылып жатыр: қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде Қазақстан 2023 жылдың қорытындысы бойынша Transparency International (Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі) рейтингінде 8 позицияға көтеріліп, 180 елдің арасында 93-орынға тұрақтаған.