Мемлекеттік техникалық қызмет Zaimer.kz микроқаржы ұйымының клиенттерінің 2 миллионнан астам жеке деректерінің таралуын анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап. Министрлік енді жоспардан тыс тексеру жүргізгелі отыр.
Ақпарат қайдан тарады?
Министрліктің хабарлауынша, Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам (РФ - 23,6 млн. (zaimer.ru – 16.8 млн., adengi.ru -6.8 млн.); Филиппин-5 млн. (digido.ph); Вьетнам - 2 млн. (vietloan.vn) деректері анықталған. Сондай-ақ, мемлекеттік техникалық қызмет таратылған деректерге талдау жүргізіп, цифрлық даму министрлігі клиенттердің жеке басын анықтау нәтижелері бойынша азаматтарға EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы тиісті хабарламалар жолдамақ.
– Цифрлық даму министрлігі Қазақстандықтардың жеке деректері тараған дерекқор операторларына қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізуді жоспарлап отыр, – деп хабарлайды ведомство.
Министрліктен кеңес
Осы орайда Цифрлық даму министрлігі өз тарапынан ұсыныстарын жариялайды:
- «Электрондық үкімет» веб-порталы немесе EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы қарыз алудан ерікті түрде бас тартыңыз;
- егер банк қызметкерлерінен қоңырау түскен болса, онда әңгімені дереу үзіп, ресми байланыс деректері бойынша Банкке тікелей қоңырау шалыңыз;
- жасалатын операцияны растау үшін SMS-кодты хабарламаңыз (төлемдер, аударымдар және т. б.);
- интернет-банкингтегі жеке кабинетіңізден құпия сөздерді бермеңіз;
- банк картасының артындағы CVV / CVC кодын бермеңіз;
- үшінші тараптың мобильді қосымшаларын, соның ішінде құрылғыларға қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатпаңыз;
- қаржылық шоттарда бірегей және күрделі құпия сөздерді қолданыңыз;
- қосымша қорғаныс үшін екі факторлы аутентификацияны қосыңыз;
- электрондық пошта тіркемелерін ашқан кезде, әсіресе олар бейтаныс жіберушілерден келсе абай болыңыз;
- күдікті интернет-ресурстарға (сайттарға)кіруден аулақ болыңыз;
- сенімсіз ресурстарда жеке ақпаратты бермеңіз;
- қаржылық операцияларға мониторинг жүргізіңіз.
Қазақстандықтардың жеке деректерін кімдер ұрлады?
Бұдан бұрын Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігімен ынтымақтасатын iSoon компаниясы құпия құжаттамалардың жылыстап кетуіне жол бергені белгілі болды. Файлдар GitHub қызметінде ашық жарияланып кеткен.
Шетке шығып кеткен ақпараттарға қарағанда Қытайда алынған деректерді талдап, сұрыптай отырып, интернеттегі жарияланымдарды бақылау жүйесі жасалған. Атап айтқанда, Қытай билігі үшін қызығушылық туғызатын тақырыптарды талқылауға мүмкіндік беретін Х әлеуметтік желісіндегі посттарды бақылау платформасы құрылған.
Зиянкестер кез-келген ақпаратты алу арқылы Android және iOS құрылғыларына шабуыл жасай алады деп болжанып отыр. Құжаттарда Beeline, Kcell және Tele2 сияқты қазақстандық байланыс операторларының деректерінің тарап кеткені хабарланады. Құжаттарда Қазақтелеком мен БЖЗҚ туралы да айтылады.
Ол кезде де Цифрландыру министрлігі ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп қазақстандықтардың деректерінің таралуы жөніндегі материалдарға талдау жүргізетіні айтылған.