Ақын, теолог Мұхамеджан Тазабек қыздарға ақыл-кеңесімен бөлісті. Ол қызға қол көтеретін ер адамды үйленбей тұрып-ақ аңғаруға болатынын айтты, деп жазады Ulysmedia.kz.
"Негізі білуге болады ғой. Себебі теңізді дәмі тамшысынан деген секілді, қыз бала романтика болып жігітпен жүретін кезінде оның дөрекі қылықтарына тырқылдап күліп жүруі мүмкін. Тіпті жігіттің кішкене дөрекі болғанына мәз болуы мүмкін. Бірақ кейін екеуінің арасы сәл суыған кезде жұдырық болып тиетінін қыз бала ойлай бермейді", - дейді М.Тазабек.
Оның пікірінше, қыз бала жігіттің дөрекі қылықтарының салдарын ойлауы керек.
"Себебі көркем мінез – көрінбей тұратын нәрсе емес. Немесе адамның басбұзарлығы, мінезінің нашарлығын адам жасыра алмайды. Адам бір-біріне жақын болған сайын ашыла түседі. Ал некесі қиылып, бір көрпе жамылып жатқаннан кейін адам көбіне ешнәрсе жасыра алмай қалады. Сондықтан жігіттің әйел адамға қол жұмсауы оның мықтылығы емес – әлсіздігі ғой. Себебі мықты еркек өзінің күш-қуатын көптеген өмірдіктің қиындықтарын жеңіп шығуға жұмсайды. Әл жігіт әлсіреп кетсе энергиясын тек былапыт сөз айтумен, қол жұмсаумен, құмар ойын ойнаумен өзін дәлелдегісі келеді. Ұратын, дөрекі жігіт болып өзін көрсете бастаса ол түптің түбінде сені де айналып табатын жұдырықтың ұшы ғой", - деді дінтанушы.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін теолог Мұхамеджан Тазабек өзінің әлеуметтік желісінде қайын жұртпен сыйластық жайлы ойын білдірген болатын.