Цифрлық даму министрлігі «Робокэш.кз МҚҰ» ЖШС ұйымына қатысты жүргізген тексеріс қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
2024 жылғы 5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ (МТҚ) zaimer.kz («МҚҰ «Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 миллионнан астам жеке дерегінің таралуы анықталған болатын.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ азаматтарға дер кезінде Egov Mobile мобильдік қосымшасына және Egov порталының жеке кабинетіне таралып кеткен дербес деректер алаяқтардың қолына түспеу үшін тиісті хабарламалар мен ұсынымдар жолдады.
Бүгінгі таңда аталған фактіге қатысты министрлікке азаматтардан 5200-ден астам өтініш келіп түскен.
Министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, «Robokesh.kz» МҚҰ» ЖШС-не Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын сақтауына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік іс қозғалып, «Robokash.kz» МҚҰ» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1000 АЕК мөлшерінде жеңілдетілген тәртіпте әкімшілік айыппұл салынды, ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабының төртінші бөлігіне сәйкес 500 АЕК (1 846 000 теңге) көлемінде айыппұл төленді, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, министрліктің мәліметінше, азаматтар ҚР Азаматтық кодексінің 951-бабына сәйкес дербес деректердің таралуынан келтірілген материалдық немесе моральдық зиянды өтеу туралы мәселені қарау үшін азаматтық сотқа жүгінуге құқылы.
Оқи отырыңыз: Air Astana «жеке деректерді жариялады» деген сынға жауап берді
Egov Mobile қосымшасында несие алуға уақытша шектеулер қызметін пайдалануды, сондай-ақ мына сілтеме бойынша министрліктің веб-сайтында орналастырылған киберқауіпсіздік және жеке деректерді қорғау бойынша ұсыныстармен танысуыңызды сұраймыз, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ведомствоға азаматтардан 1400-ден астам шағым түскенін мәлім еткен болатын.