Бишімбаев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова әлеуметтік желілерде фейк аккаунттар ашыла бастаған соң өзінің жеке парақшасын ашуды жөн көріпті, деп жазады Ulysmedia.kz.
Ол бұдан былай әлеуметтік желіде парақшасын ашып, жүргізіп отыратынын мәлімдеді.
"Қайырлы күн! Мен, Айжан Аймағанова, Астана қаласы прокурорының аға көмекшісімін. Қазіргі уақытта қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша айыптауды қолдаймын. Әлеуметтік желілерде менің атымнан фейк аккаунттар ашылып жатқанына байланысты, мен жеке аккаунтымды жалпыға қолжетімді етуді шештім. Instagram-дағы жеке аккаунтым zhakiti деп аталады. Мен пост жазбадым, бірақ мүмкіндігінше ашық және пайдалы болуға тырысамын", - деді ол.
Естеріңізге салсақ, Бас прокуратура экс-министр Қуандық Бишімбаевтің ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың атынан Instagram әлеуметтік желісіндегі жалған парақша ашылып, ондағы жазылушы саны 15 мыңнан асқаны жөнінде ақпарат таратқан болатын.