Алматыда полиция терроризмге қарсы қауіпсіздік шараларын күшейту үшін қаладағы ірі сауда орталықтарын тексеруге кірісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тексеруге мораторий аяқталды
Polisia.kz сайтының мәліметінше, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторийдің аяқталуын ескеріп, террористік тұрғыдан осал объектілердің, оның ішінде ірі сауда орталықтарының, ғибадат орындары мен қоғамдық тамақтану нысандарының терроризмге қарсы қауіпсіздігінің жай-күйіне жоспарлы тексеріс жүргізілді.
Полиция терроризмге осал нысандарды тексеріп, терроризмнен қорғауды бақылауды ұйымдастыру бағытында тұрақты жұмыс істейді. Сондықтан тәртіп сақшылары нысандардың басшылары мен иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ терроризмге осал нысандардың инженерлік-техникалық беріктігі мен терроризмге қарсы қорғанысының іс-қимыл саласындағы заң талаптарына сәйкестігін тексеретін арнайы жұмыс топтары құрылды, – деді Алматы қаласы ПД басшысының орынбасары Қуатбек Науатов.
Жақында полицейлер Mega Park сауда орталығына барып, орталықтың бейнебақылау жүйелері, төтенше жағдайларға әрекет ету механизмі мен дабыл түймелерін тексерді.
ТҚЕ мекемесінің әрбір қызметкері террористік қауіп төнген жағдайда әрекет ету алгоритмін білуі керек. Мысалы, күдікті зат анықталса, оны ұстауға, жылжытуға, кез келген нәрсемен жабуға және басқа да әрекеттер жасауға қатаң тыйым салынады. Бұл жағдайда қалалық қызметтерге ескерту керек. Сауда нысандарының директорларына ТҚЕ объектілерін терроризмге қарсы қорғау талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – деді Қуатбек Науатов.
Не үшін тексереді?
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәскеу түбіндегі Crocus City Hall концерт залында болған терактіден кейін адам көп жиналатын орындарды жоспарлы тексеру туралы айтты.
Бұлардың барлығы 500 шаршы метрден асатын ірі сауда орталықтары, концерт залдары лаңкестікке осал объектілер санатына жатады, бұдан басқа барлық білім беру және денсаулық сақтау нысандары, яғни адамдар жиналатын барлық осындай орындар, - деді ол.
Естеріңізге салсақ, 22 наурыз күні кешке Мәскеудегі Крокус-Ситиде теракт болды. Белгісіз біреулер концерт залына кіре берістегі күзетшілерге оқ жаудырған. Содан кейін олар фойедегі көрермендерді атты. Қаза тапқандар саны жүзден асып кетті. Бұл лаңкестік оқиға ТМД елдеріндегі соңғы жылдардағы ең ірі терактілердің бірі болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның құқық қорғау органдары қажет болған жағдайда Ресейдің құқық қорғау органдарына көмек көрсететінін айтты.
24 наурызда Мәскеудің Басманский аудандық соты "Крокус Сити Холлда" адамдарға шабуыл жасады деп айыпталғандарды қамауға алды.