×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Не үшін: әлемнің қандай елдері TikTok-ты бұғаттады

24.04.2024, 10:15
Не үшін: әлемнің қандай елдері TikTok-ты бұғаттады
Коллаж: ulysmedia.kz.

Әлемнің көптеген елі TikTok-тың қауіпсіздігіне күмәнданып, платформаның Қытай билігімен байланысы болуы мүмкін деп алаңдайды. Таяуда оған тыйым салуды талап еткен елдердің қатарына  АҚШ та кірді. Қазақстан да бұғаттау-бұғаттамау мәселесін қарастырғалы жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Федералды құрылғыларға жүктеуге тыйым

Аустралия федералды үкіметтің құрылғыларына TikTok-ты қосуға тыйым салды, өйткені видеоны бөлісу қолданбасының құпиялылығына алаңдайды.

Аустралиямен бірге Канада, Ұлыбритания және Жаңа Зеландия соңғы апталарда TikTok-қа қарсы осындай қадам жасады.

Сарапшылар қолданба жүктелген кезде, әсіресен, мемлекеттік құрылғылардағы құпия ақпарат тарап кетуі мүмкін деп сақтанады.

TikTok компаниясы не дейді

TikTok компаниясы басқа әлеуметтік медиа компанияларға қарағанда пайдаланушылардың деректерін көбірек жинайды деген айыптауларға қарсы шығып, тыйымдарды "жалған ақпарат" деп атап, кейбір елдегі тыйым "біржақты әрі ешқандай талқылаусыз, дәлелсіз" шешілгенін мәлімдеді.

TikTok қытайлық Bytedance технологиялық компаниясына тиесілі, бірақ ол өз бетінше жұмыс істейтінін және деректерді Қытай үкіметімен бөліспейтінін хабарлайды. Қазір компания Техаста АҚШ-тағы пайдаланушылардың деректерін сақтау жобасын жүзеге асырып жатыр. Компания, осылайша, деректер Қытайдың қолы жетпейтін жерде сақталады деп сендіргісі келеді.

TikTok-ты шектеген елдер

Жоғарыда айтқанымыздай, биыл 4 сәуірде Аустралия қауіпсіздік мақсатында TikTok-ты федералды үкіметке тиесілі барлық құрылғыларда пайдалануға тыйым салды. 

Ал наурыз айының соңында Эстонияның ақпарат технологиялары және сыртқы сауда министрі Кристиан Ярван мемлекеттік шенеуніктерге смартфондарына ТikTok жүктеуге тыйым салынатынын айтты.

16 Наурызда Ұлыбританияның министрлер кабинетінің мемлекеттік хатшысы Оливер Дауден мемлекеттік шенеуніктердің құрылғыларында қосымшаны пайдалануға дереу тыйым салатынын мәлімдеді. Тыйым Ұлыбританияның ұлттық киберқауіпсіздік орталығының есебіне негізделген, онда "үкіметтің құпия деректеріне белгілі бір платформалар қалай қол жеткізетіні және пайдаланатыны туралы қауіп болуы мүмкін" делінген.

Еуропарламент, Еурокомиссия және ЕО кеңесі киберқауіпсіздікті негізге алып, қызметкерлерінің құрылғыларына TikTok-ты жүктеуіне тыйым салды. Еуропарламенттің тыйымы 20 наурызда күшіне енді. Ол сондай-ақ парламент мүшелері мен қызметкерлерге қосымшаны жеке құрылғыларынан алып тастауды "қатаң түрде ұсынды".

24 Наурызда Франция үкіметі 2,5 миллион мемлекеттік қызметкердің жұмыс телефондарына Tik Tok, Netflix және Instagram сияқты "рекреациялық" қосымшаларды орнатуға және пайдалануға тыйым салды.

Нидерландының ішкі істер министрлігі үкімет таратқан телефондарда "елдің мүдделеріне бағытталған агрессивті кибербағдарламасы бар елдердің" барлық қосымшаларын пайдалануға тыйым салды. Ведомство TikTok деп нақты атаған жоқ, бірақ ұлттық барлау басқармасының бағалауынан кейін Қытай, Ресей, Солтүстік Корея және Иран сияқты елдердің қосымшаларының "тыңшылық қаупі жоғары" екенін ескертті.

23 наурызда Норвегия парламенті елдің әділет министрлігіне қосымшаны мемлекеттік қызметкерлерге берілген телефондарға орнатуға болмайтынын ескерткеннен кейін TikТok-ты жұмыс құрылғыларында пайдалануға тыйым салды.

10 наурызда Бельгия киберқауіпсіздік, жеке өмірге қол сұғылып, жалған ақпараттың таралу қаупін алға тартып, Бельгияның федералды үкіметіне тиесілі құрылғыларда алты айға TikTok-ты жүктеуге тыйым салатынын мәлімдеді.

АҚШ өкілдер палатасы 13 наурызда Бейжіңде орналасқан TikTok бас компаниясынан платформадан шығуды немесе жалпыұлттық тыйымды талап ететін заң жобасын көпшілік дауыспен қабылдады. Заңды сенат та мақұлдаған.

АҚШ-тың 50 штатының жартысынан көбі TikTok-қа деректердің қауіпсіздігіне байланысты үкіметтік құрылғыларды пайдалануға тыйым салды. Ал АҚШ үкіметі наурыз айының соңына дейін агенттіктерге қолданбаны федералды құрылғылар мен жүйелерден жоюға уақыт берді.

Әлеуметтік желіге шектеулерді Дания, Канада, Үндістан, Жаңа Зеландия, Пәкістан, Ауғанстан елдері де енгізіп жатыр. 

Қазақстанда TikТok қала ма

Таяуда Қазақстанда TikТok бұғаттала ма деген сұраққа мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жауап берген. «Оның бәрі ұлттық қауіпсіздікке ықпал етсе, әлбетте, оны осындай шаралар қабылданады» дейді ол. Желінің нақты жабылатынын немесе ішінара бұғатталатынын министр нақты айтқан жоқ.