×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Депутат заңға басқа елдің туын алып шығатындарды жауапқа тартатын норма ұсынбақ

11.05.2024, 13:07
Депутат заңға басқа елдің туын алып шығатындарды жауапқа тартатын норма ұсынбақ
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан КСРО туымен шеруге шыққандарға қарсы болған алматылық Жанболат Шайзаданы қолдауға шақырды. Шайзаданы кеше полиция ұсақ бұзақылық жасады деп бес тәулікке қамаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутат не дейді

Абзал Құспан әкімшілік сот Жанболат Шайзаданы бес тәулікке қамағанын (ұсақ бұзақылық, қолданыстағы әкімшілік кодекстің 434 бабы - “қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу”), әкімшілік іс құрамы шығуы үшін қоғамдық орында боғауыз сөз айтса жеткілікті болғандықтан, сот актісін қате, заңсыз деп айта алмайтынын жазады.

– Бірақ Жанболаттай ұлтқа тірек, елге керек азаматтарды қолдамай тыныш отыруға тағы болмайды. Сонда не істемек керек? Меніңше, қолданыстағы әкімшілік кодекске бөтен, басқа елдің мемлекеттік символикасын қоғамдық орындарда рұқсатсыз пайдаланғаны үшін бөлек жауапкершілік қарастыру керек. Сонда біз осындай провокациялық әрекеттердің алдын алған болар едік. Әйтпесе, СССР-дің туын желбіретіп жүргендердің әрекеті заңды, ал оған тосқауыл қоямыз деушілердің әрекеті заңсыз болуы әділеттілік қағидатына қайшы, – деп жазады ол.

Абзал Құспан ол тосқауылды жекелеген белсенді азаматтар емес, бірінші кезекте мемлекет өзі қойып, мемлекет қаупсіздігін өзі қорғауы тиіс дейді. Сөзінше, қазір Парламент Мәжілісінде әріптесті Үнзилә Шапақтың төрағалығымен әкімшілік кодекс қаралып жатыр. Абзал Құспан өз тарапынан бірқатар ұсыныс дайындап қойғанын, осы жағдайға байланысты толықтырылатынын хабарлайды.

– Осы бағытта басқа да қосарыңыз болса жазып кетіңіз, әрқайсымыз әр тараптан осындай кем-кетіктерімізді түзей берейік. Ал Жанболатқа жан-жақты көмегімізді аямайық, бес күн қапас ер-азамат үшін не тәйірі, күні-ертең шығады, есесіне заңнамадағы осындай олқылықтарды біздің көзімізге ойып тұрып, көрсетуге сеп болды. Сөз соңы. Бұл күрес! Әділдік үшін күрес! Жанболат бүгінгі заман, көпшілік, әлгілер болса өткен, келмеске кеткен заманды аңсаушы, азшылық. Ал азшылық, ерте ме, кеш пе, көпшілікке бағынатын болады! – дейді депутат.

“Жоғалтыңдар, бұл Қазақстан”

Оқиға 9 мамыр күні Алматы қаласында болған. Видео әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде жарияланды. Жазбада Жанболат Шайзада КСРО туын ұстағандардың қолынан жалауды тартып алған. “Жоғалтыңдар, бұл Қазақстан” деп айғайлайды видеодағы жігіт.  

Бұл видеоны көрген азаматтар әртүрлі пікір жазып жатыр. Көпшілігі ер азаматтың әрекетін дұрыс деп бағаласа, арасында бұл әрекет қате деушілер де бар.