×
480.55
533.75
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
480.55
533.75
5.36

Ұлттық топастық демеске лаж бар ма – депутат СССР туына қарсы шығып, қамалған Шайзаданы қолдады

11.05.2024, 19:15
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи СССР туына қарсы шығып, ұсақ бұзақылық бабымен бес күнге қамалғал алматылық Жанболат Шайзаданы қорғап, желіге ашуға толы жазба қалдырды. Ол прокуратура мен полиция қызметкерлерін, сотты қатаң сынайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бапи не дейді

Ермұрат Бапи қамауға алынған Жанболат Шайзада қалай ұсталғанын былай болжайды.

– Ішкі саясаттың ұлттық намыстан жұрдай бір жандайшап нөкері Кремльді шошытып, шоршытып алмайық деген далбаса долбармен Жанболат Шайзаданы жазалау керек деп, прокуратураға ым қағады (Президент әкімшілігі жақтан сөз естіп қалмайын деп, перестраховка жасаған түрі). Прокуратурадағы парықсыз орындаушы қалалық полицияға Жанболатты ұстап әкеліңдер деп команда береді (ертең ел не дейді, қазақ қоғамы толқып кетеді-ау деген ой топас миына кірмейді). Қазақи ұлттық қасиетін карьера үшін айырбастап жіберуге жандәрмен болған полиция бастығы Жанболатты ұстап әкелуге екі сержантты жұмсайды (іздестіріп жатырмыз, қаладан сыртқа шығып кетіпті деп, бейкүнә жігітті құтқарып қалуға қам қыларлық қасиеттен жұрдай). Екі сержант Жанболатты дедектетіп, әкімшілік сотқа алып келеді (үйінде жоқ екен, іздеп таба алмай жүрміз деп айта алмайды - сыйлықтан қағылуы мүмкін). Саясатқа салдақы болған сот (сот емес - мот) Жанболатты бес күнге қамауға қаулы шығарады (шығармасам, өзім шығарылам деген қорқыныш ұлттық намысын таптап тастаған)! Міне, халқының мемлекеттік намысын қорғап, ұлттық мінез көрсеткен жігітті жазалауға қатысқандар - тегіс қазақтар! Осыны ұлттық топастық демеске лаж бар ма?! – деп жазады депутат.

Ермұрат Бапи жандайшап жантықтар деп ашумен жаза келе Жанболат Шайзадаға жасалған осы қиямет қиянаттан кейін ұлттық патриотизм туралы, қазақи қасиетті қорғауға қатысты азаматтық парыздың порша-поршасы шықпай ма деп қауіптенеді. Жанболатты озбырларға жығып берген мынау сорақылықты көрген қай қазақтың баласы ертең ел намысы үшін жанқиярлыққа бара алады деп сұрақ қояды.

– Құдай-ау, өз ұлтының намысын өзеуреген өзгеден қорғай алмайтын, қорғағанды – қор қылатын, бас көтергенді абақтыға айдайтын мұндай масқаралық қазақтан басқа қай елде бар екен?! – деп аяқтайды жазбасын Ермұрат Бапи.

Оның алдында депутат Абзал Құспан әкімшілік кодекске басқа елдің туын алып шығатындарды жауапқа тартатын норма ұсынатынын хабарлаған еді.

“Жоғалтыңдар, бұл Қазақстан”

Оқиға 9 мамыр күні Алматы қаласында болған. Видео әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде жарияланды. Жазбада Жанболат Шайзада КСРО туын ұстағандардың қолынан жалауды тартып алған. “Жоғалтыңдар, бұл Қазақстан” деп айғайлайды видеодағы жігіт.  

Бұл видеоны көрген азаматтар әртүрлі пікір жазып жатыр. Көпшілігі ер азаматтың әрекетін дұрыс деп бағаласа, арасында бұл әрекет қате деушілер де бар.

Серіктес жаңалықтары