Анар Бурашева "Kazakh Everest Team" командасының құрамында Эверестке шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл жетістік туралы "Kazakh Everest Team" командасы хабарлады.
"12 мамыр күні сағат 07.25-те Непал уақыты бойынша Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев құрамындағы" Kazakh Everest Team "қазақстандық командасы әлемнің ең биік шыңына – Эверест шыңына (8848м) сәтті көтерілді", – делінген хабарламада.
8000 метр биіктікке шығу кезінде экспедициялардың көпшілігі кері қайтқан. Тек бес елдің альпинистері Эверестке сәтті көтеріле алды. Олардың қатарында біздің отандастарымыз да бар. Тарихта әлемнің ең биік шыңына шыққан алғашқы қазақ қызы Анар Бурашева болды. Ал оның серігі альпинист Мақсат Жұмаев бұл шыңды осымен үшінші рет бағындырып отыр.
"Kazakh Everest Team" командасының ең биік шыңға өрмелеп шығуына бес тәулік уақыт қажет болыпты.Эверест шыңында "Kazakh Everest team" спорттық-патриоттық экспедициясының қатысушылары Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтерді.
Бүгін, 12 мамырда Анар мен Мақсұт IV лагерьде (8000 м) ең қиын көтерілуден кейін төмен түсу үшін күш жинап жатыр. Шыңға шығу жолында біраз күш жұмсаған олар, тынығып әлденіп алуы керек.