Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құлағы естімей, сөйлей алмайтын такси жүргізушісін балағаттаған ер адамға қатысты шешім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сот қаулысымен айыпталушы ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 тәулік мерзімге қамауға алынды.
– Сот 15 тәулік қамауға алу шарасын жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын, бұрын қоғамдық тәртіп пен адамгершілікке қол сұғатын біртекті құқық бұзушылықтар үшін бірнеше рет жауапқа тартылған кінәлі адамның жеке басын ескере отырып тағайындады, - делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Оқиға жайлы
Оқиға Астана қаласында болған. Видеожазба әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде жарияланды.
Бейнеден белгісіз еркектің такси жүргізушісін әбден балағаттағанын естуге болады. Ол жүргізушісінің намысына тиетін сөздер айтып, өте дөрекі сөйлеседі. Артынша көлікті тоқтатуын бұйырып түсіп қалады. Және жай кетпей жүргізушінің USB сымын алып кеткісі келген. Айта кетерлігі көліктің артында отырған еркек те жолдасының бұл әрекетін тыюға тырыспаған.
Әзір мәдениетсіздік танытқан еркектердің кім екені белгісіз.
Ал, көлік тізгінінде болған жігіттің есімі Шыңғыс екен. Өзінің де, әкесінің де есту қабілеті бұзылған. Әкесі күндіз такси болып еңбек етсе, түнгі кезек Шыңғыста. Себебі екеуіне ортақ бір көлік.