×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

14 адам қаза тапқан: «Семей орманы» резерватында болған өртке кінәлілер сотталды

13.05.2024, 16:18
14 адам қаза тапқан: «Семей орманы» резерватында болған өртке кінәлілер сотталды
Фото: ашық дереккөз

Бородулиха аудандық сотында «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының екі қызметкеріне қатысты абайсызда 14 адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу туралы қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Не болды

Сот «Семей орманы» резерватында және Новошульба филиалында басшылық лауазымдарды атқарған екі азаматты айыптады. Лауазым иелері орман өрті кезінде жүктелген міндеттерді орындамаған, жағдайды дұрыс бағаламаған және өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік техникасының сақталуын қамтамасыз етпегендіктен 14 адам қаза тапқаны анықталды.

В. және К. кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жүргізілген сараптамалармен, оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, заттай дәлелдемелерді алу хаттамаларымен және тағы басқа толық дәлелденген.

Сот үкімі

ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігінің санкциясымен 3 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сотталушылардың екеуінде де жас балалардың болуы және ауырлататын мән-жайлардың болмауы түріндегі жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот В. және К.-ны кінәлі деп тауып, әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Бас прокуратура Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық іс аяқталып, істің 27 қазанда сотқа жолданғанын хабарлаған болатынбыз.

2023 жылдың маусымында Абай облысының Батпаев орман шаруашылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында» орман өртенген еді. Өртпен 60 мың гектар орман қоры жойылған. «Семей-Орманы» резерваты Новошульбинск филиалының 14 қызметкері қаза болған.