×
$
447.85
513.46
5.31
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.85
513.46
5.31

Президент іс басқармасы басшысының экс-орынбасары Смайыловтың командасына өтті

Бүгін, 10:54
Президент іс басқармасы басшысының экс-орынбасары Смайыловтың командасына өтті
Жоғары аудиторлық палата

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін тағайындады. Тиісті жарлық Құрылтай олардың кандидатураларын тағайындауға келісім бергеннен кейін бірден жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері болып Бақыт Әбілдинов, Рахымжан Ділдәев, Амангелді Исенов, Ғабиден Жақсылықов, Руслан Мелдебеков, Нұрлан Нұржанов, Ардақ Теңгебаев және Юлия Энгель тағайындалды.

Олардың кейбірі Жоғары аудиторлық палатада бұрыннан жұмыс істеп келеді. Ал енді бірі басқа қызметтерден ауысты.

Кімдер келді?

Бақыт Әбілдинов жаңа тағайындауға дейін Президенттің Іс басқарушысының орынбасары қызметін атқарды. Ол еңбек жолының басым бөлігін салық жүйесінде өткізген. Қапшағай, Алматы және Астана қалаларындағы мемлекеттік кірістер органдарында жұмыс істеген. 2024 жылдың ақпанында Президент Іс басқарушысының орынбасары болып тағайындалған еді. Тоқаевтың жаңа жарлығымен ол бұл қызметінен босатылды.

Рахымжан Ділдәев Жоғары аудиторлық палатада жаңадан келген маман емес. Ол 2025 жылдың наурызында палата мүшесі болып тағайындалған. Бұған дейін Алматы және Жамбыл облыстарындағы ішкі мемлекеттік аудит департаменттерін басқарған. Еңбек жолын Шымкенттегі сауда және мемлекеттік сатып алу саласында бастаған.

Амангелді Исенов те көп жылдан бері мемлекеттік қаржы саласында жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын Қаржы министрлігінде бастап, бюджеттік кредит беру және мемлекеттік активтерді басқару мәселелерімен айналысқан.

Ғабиден Жақсылықов жаңа тағайындауға дейін Жоғары аудиторлық палатаның өзінде жұмыс істеген. Атап айтқанда, палата департаменттерінің бірін басқарған. Осылайша, қазіргі тағайындауы қызметтік өсу болды.

Руслан Мелдебеков те осындай жолмен келді. Президент жарлығына дейін ол Жоғары аудиторлық палатаның департамент директоры қызметін атқарған. Енді палата мүшесі болды.

Нұрлан Нұржанов мемлекеттік аудит жүйесінде ұзақ уақыттан бері еңбек етіп келеді. 2016 жылдан бастап Есеп комитетінің мүшесі болды. Ал 2022 жылы комитет Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылғаннан кейін оның мүшесі қызметін жалғастырды.

Ардақ Теңгебаев – Қаржы министрінің бұрынғы орынбасары және Мемлекеттік кірістер комитетінің экс-төрағасы. Кейін Есеп комитетінде жұмыс істеді. Ал 2022 жылдың қарашасында Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі болды.

Юлия Энгель де палатадағы қызметін сақтап қалды. Ол 2009 жылдан бастап Есеп комитетінде жұмыс істеген, ал 2022 жылы Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі атанды. Энгель – жоғары санатты мемлекеттік аудитор. Сондай-ақ оның CIPFA Public Auditor халықаралық сертификаты бар.

Контекст

Еске салайық, Жоғары аудиторлық палатаны Әлихан Смайылов басқарады. 18 қыркүйекте президент оны бұл қызметке қайта тағайындаған болатын.