КСРО туын көтеріп жүргендерден туды тартып алып, кейін осы әрекеті үшін қамалған Жанболат Шайзада бостандыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жанболат Шайзаданы күтіп алуға бір топ азамат келген. Олардың арасында оның анасы да бар. Жиналғандар Қазақстан Республикасының көк туын көтеріп келіпті. Жанболат Шайзада алдымен өзін күтіп алуға келгендерге шынайы ризашылығын білдірді. Және не үшін бұндай әрекетке барғандығын қайталап өтті.
“Оларды тоқтатып 102 шақыруыма болар еді. Бірақ намысыма тиіп кетті,” – деді Жанболат Шайзада.
Сондай-ақ ол өзіне тағылған айыпқа келіспейтіндігін айтты. Аппеляциялық шағым түсіргенімен сот шешімі өзгеріссіз қалған.
Сөз соңында Жанболат Шайзада әрбір іс-әрекетімізді заң аясында істейік деп түйіндеді ойын.
Еске салайық
Оқиға 9 мамыр күні Алматы қаласында болған. Жанболат Шайзада алғашында КСРО туын ұстағандарды көргенде бұл әрекеттерінің дұрыс еместігін ескерткенін айтады.
“Шеру деп қабылдап алғаш көргенде ескерттім. Болмайды деп. Оларды екінші рет жолда көргенде ұлттық намысын оянып туларын жұлып алдым,” - деді Жанболат Шайзада.
Алайда ол ту ұстағандардың тарапынан қарсылыққа тап болған. Ер азаматтың ар-намысына тиетін сөз айтқандықтан, ол да сондай мәнерде жауап қатқан.
“Ол кезде де менің ар-намысыма тиді. Олар менің намысыма тиді. “Не благодарный” деді. Мен де оларды ашуға беріліп боқтадым,” - деді ол.
Жанболат істеген ісін мойнымен көтеруге дайын екендігін жеткізді. Қазір оның әрекетіне қатысты әкімшілік іс қозғалған.
“Істеген ісімізді басымызбен көтереміз. Боқтаған ісім дұрыс емес, әрине. Бірақ, істеген ісіме өкінбеймін,” - деп түйіндеді ол сөзін.
Ал, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жандайшап жантықтар деп ашумен жаза келе Жанболат Шайзадаға жасалған осы қиямет қиянаттан кейін ұлттық патриотизм туралы, қазақи қасиетті қорғауға қатысты азаматтық парыздың порша-поршасы шықпай ма деп қауіптенеді. Жанболатты озбырларға жығып берген мынау сорақылықты көрген қай қазақтың баласы ертең ел намысы үшін жанқиярлыққа бара алады деп сұрақ қойды.