Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды.
Заң байланыс желілерін тарту, азаматтарды төтенше жағдай қаупі туралы шұғыл хабардар ету, төтенше жағдай енгізу тетіктерін жетілдіреді, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тауар тасымалын қадағалау үшін көліктің барлық түріне навигациялық пломбалар орнату тәртібін енгізеді (қазіргі кезде пломбалар жүк тасымалдайтын автокөліктерге орнатылады).
Жаңа заң бойынша Қазақстаннан тысқары жерде орналасқан байланыс желілерінің жұмысын қамтамасыз ету үшін елге жабдық әкелуге тыйым салынады.
Сонымен қатар Заңда антифрод-тетігі енгізілді. Бұл дегеніңіз интернет-алаяқтыққа және қаржы ұйымдарын заңға қайшы мақсаттарда пайдалануға қарсы шара қолданылады.
Денсаулық сақтау
Жаңа заңның денсаулық сақтау саласына да қатысы бар. Дәлірек айтқанда денсаулық сақтау министрлігінің қызметін автоматтандыруға, соның ішінде денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара қарым-қатынасты жолға қоюға арналған денсаулық сақтау интеграциялық платформасының жұмысына қатысты мәселелер реттелді.
Мүгдектігі бар азаматтарға
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мүгедектігі бар адамдарға жеңілдік тарифтерін беру жөнінде байланыс операторларына қосымша міндеттемелер белгілеу құзыретіне ие болды.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.