Алматы облысында мектеп бітіруші түлектер мінген кортеж жол ережесін өрескел бұзған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Полицейлердің айтуынша, олардың қарсы бағытқа шығуы, жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды тасымалдау және қауiпсiздiк белдіктерiн пайдалану талаптарын сақтамағаны, маневр жасау қағидаларын бұзғаны және авариялық жағдай жасағаны үшін хаттамалар толтырылды.
Көлік құралдарында жолаушыларды қауіпсіз тасымалдау жөніндегі талаптарды бұзған кәмелетке толмаған жолаушылардың ата-аналарына олардың балаларын күтіп-бағу, тәрбиелеу, оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік шаралар қабылданды, - делінген хабарламада.
Бұған дейін ІІМ кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен туыстарына оқу жылы кезінде және одан кейін заңнаманы қатаң сақтау, сондай-ақ, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі туралы үндеу жасаған болатын.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысының орынбасары Төлеген Рысбеков Ulysmedia.kz тілшісіне көлікпен жылдамдықты асырып жүретіндерге жаза қалай күшейтілетінін айтып берген еді.