×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Сыртқа шығудан қалдық» : Астаналықтар қаптаған масаға шағымданды

06.06.2024, 22:45
«Сыртқа шығудан қалдық» : Астаналықтар қаптаған масаға шағымданды
Ашық дереккөзден

Бас шаһардағы тұрғын үйлердің терезедегі торы мен кіреберісін маса торлағанын тұрғындар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жаппай салып, шағымданып жатыр. Шаққанда теріні ісітіп жіберетін ірі жәндіктер су жағасы мен саябақтарға жақын орналасқан көпқабатты үйлерде көп шоғырланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Астана тұрғыны Әйгерім Ибрагимованың үш жастағы қызы да масаға таланған. Есік алдындағы аулада ойнап жүріп масаға жем болған кішкентай Әнелдің көзі ісіп, қышынып, мазасы кеткен соң, анасы амалсыздан дәрігерге апарған. 

“Маса өте көп, үлкен-үлкен. Балаларды шағып тастады, өзімізді де, қалың киінсек те, кешке шығу мүмкін емес. Және кішкентай шіркейлер ұшып жүр, мына жерде барлығын көміп тастады ғой, содан ба деймін. Міне, қазір де ұшып жүр. Қызымды шағып тастады, беті ісіп кетті, дәрігерге бардық, антигистамин ішіңіздер деді,”- дейді қала тұрғыны Әйгерім Ибрагимова. 

Ал Астана әкімдігі маса мен шыбын-шіркейді мамыр айының басынан бері улап жатқандарын айтады. Тіпті бұл үшін бюджеттен биыл 600 млн теңге бөлінген. Оның 100 млн теңгесін жұмсап та үлгерген. 

“Негізінде түнгі уақытта жасайды, сағат 4-5-те. СЭС уақыты бар, қай уақытта жасайтынын, кісілердің көбі соны көрмейді, улау жасалды ма, жасалмады ма, сосын шағым жасайды,”- дейді ғылыми топ жетекшісі  Әнуарбек Сибатаев.

Мамандар қалада қансорғыш жәндіктердің көбейгеніне тасқын себеп дейді. Ал астаналықтардың маса деп жүргені маса емес екен.  

“Әлеуметтік желілерде таралып жатқан видеодағы маса емес — ызылдауық. Олардың түрі ұқсас, бірақ ызылдауық адамды шақпайды. Ызыңдап, жүйкеге тиетіні рас. Сондықтан тұрғындар олардан қорықпасын,”- депті ғылыми қызметкерлер.  

Елорада дезинфекция жүргізетін компанияның өкілі үйлердің жертөлесі масаның нағыз ошағы дейді. Сондықтан ол жерлерді де улау керек. Ал онымен пәтер иелері кооперативтері айналысуы тиіс екен.