×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Қостанайда 9 жастағы оқушы мектепке “бомба қойған”

07.06.2024, 19:15
Қостанайда 9 жастағы оқушы мектепке “бомба қойған”
Әлеуметтік желіден

Қостанайлық полицейлер мектептердің бірінде бомба мен террористер бар екенін хабарлаған оқушыны анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Полицияның мәліметінше, 6 маусымда шұғыл қызметтің телефонына қоңырау келіп түскен. Тұтқаның арғы жағындағы бала дауысы жарылғыш құрылғының қойылғаны туралы хабарлаған. 

ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен тоғыз жастағы бала анықталды. Белгілі болғандай, ол көшеде ойнап жүріп осылайша достарының көңілін көтеруді шешкен.  

“Оқиға орнына арнайы қызметтер барып, қызметкерлер мен мектеп әкімшілігі эвакуацияланды", - деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі. 

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, тергеу жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар, ата-аналарға тиісті шаралар қабылдау туралы мәселе қаралады. 

"Полицейлер шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді", - деп қорытындылады полиция.  

Осыған ұқсас оқиға 2023 жылғы 21 желтоқсанда Атырау облысында болған.  

Онда тоғызыншы сынып оқушысы мессенджер арқылы өзінің танысының атынан мектепте "жарылғыш құрылғы" бар екенін хабарлаған. Қылмысқа жанжал түрткі болған.