Тиісті заң жобалары бүгін мәжілісте қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.
Қазақстан мен Қырғызстан үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісім 2021 жылғы 2 наурызда Нұр-Сұлтанда жасалған. Келісімнің қабылдануы Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздікті нығайту қажеттігіне негізделген. Қырғыз Республикасының Қарулы Күштерін дамытуға жәрдем көрсетуге бағытталған.
Келісімге сәйкес Қазақстан тарапы Қырғыз тарапына бірқатар әскери мүлікті беру түрінде өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетеді. Келісімнің 3-бабына сәйкес Қазақстан тарапы әскери мүлікті өз аумағынан Қырғыз Республикасының Қой-Таш елді мекеніне дейін автомобиль көлігімен жеткізіп береді.
Ал Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісім 2021 жылғы 17 сәуірде Нұр-Сұлтанда жасалған. Келісімге сәйкес, Қазақстан Жамбыл облысының Отар станциясынан Тәжікстан Республикасының аумағына дейін ("Рохати" станциясы, Душанбе қаласы) теміржол көлігімен жеткізуді қамтамасыз етеді.