Мәжіліс Спикері Кошан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ерлан Қошанов Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 58 - бабы 4-тармағының 2-тармақшасына сәйкес 2024 жылғы 14 маусымда Астанада сағат 09:30 – да Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы шақырылсын", - делінген өкімнің мәтінінде.
Айта кетейік, бірлескен отырыста Парламент депутаттары Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Жоғары аудиторлық палата есебінің қорытындысын қарауы мүмкін.
Бұған дейін
Жоғары аудиторлық палата басшысы Әлихан Смайылов 2023 жылы стратегиялық жоспарлауда үлкен өзгерістер болғанын, Ұлттық жобалардың саны үшке дейін қысқарғанын атап өтті. Айтуынша, бұл кідіруді күттірмейтін дамудың басым бағыттарына назар аудару үшін жасалып отыр. Яғни, қойылған мақсаттарды іске асыру үшін қаржылай қамтамасыз ету жеткілікті көлемде болуы қажет.
– Қазір жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбесе, мемлекеттік органның өзі жеке жауап береді. Демек қаражат жетпей қалды деп ақтала алмайды. Дегенмен уақытылы орындалу проблемалары әлі де сақталып отыр. Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2023 жылға көзделген қаражат толық көлемде берілді. Бірақ оның тек 38%-ы ғана игерілген. Қаражатты барынша үнемдеп отырған уақытта мұндайға жол беруге болмайды, – дейді ол.
Смайыловтың сөзінше, 37 жобалау-сметалық құжаттама бірыңғай стандарт бойынша уақытылы әзірленбеген. Осы жылдың сәуір айындағы деректерге сәйкес жобалауға және құрылысын толық аяқтау үшін жасалған 207 шарттың тек 26 жобасына ғана ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілген. Іс жүзінде жобалау-сметалық құжаттамасыз объектілердің бірінші қабаттары тұрғызылып, құрылысы басталғандардың жартысының іргетасы қаланған. Сол сияқты «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасында да белгіленген мақсаттардан артта қалу байқалады. 227 нысан бойынша жобалау аяқталмаған. Жыл басындағы жағдай бойынша объектілердің 17%-ы пайдалануға берілмеген.