Мәжіліс депутаты Абзал Құспан "Қазақстандағы судьялар тәуелсіз деп ойлайсыз ба?" деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Абзал Құспан не дейді?
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер депутаттан "Қазақстандағы судьялар тәуелсіз деп ойлайсыз ба?" деп сұраған.
– Қазақстанның соттары қазір толыққанды тәуелсіз деп айта алмаймын. Оны менсіз де білесіздер деп ойлаймын. Бірақ толық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жоқ дегенде екі нәрсені жасауымыз керек. Біріншіден, толық материалдық қажеттіліктерін өтеуіміз қажет. Барлық әлемде бар практика. Біз ойлап тауып жатқан дүние емес. Ешбір адамды патриот бол, судья бол, жауапкершілікті мойныңа артып ал деп талап ете алмаймыз. Соттың жалақысы жоғары болуы керек. Көлік, тұрғын үймен қамтамасыз ету керек, – дейді ол.
Абзал Құспан жеке пікірін былай айтады.
– Осы кезге дейінгі судьяларды қайтадан қанша ауыр және қиын болса да, жағдайларын жасап алғаннан кейін екінші қадам – қайтадан аттестациядан өткізуіміз керек. Грузияда Саакашвили (бұрынғы президенті) құқық қорғау саласын реформалаған кезде осылай жасады. Ең біріншіден, былыққа белшесінен батқан ГАИ қызметкерлерін толық жұмыстан босатып, олардың қызметін учаскелік полиция инспекторларға тапсырып, конкурс негізінде қайтадан іріктеген. Бірақ жалақыларын бірнеше есе көбейтіп, қайтадан алған. Бұрын жұмыс істеп келе жатқан адамдар мен жаңадан келгендерді бөлген жоқ. Алдымен полицияны, кейін басқа мәселелерді реттей келе кәдімгідей жемқорлық деңгейін төмендетті. Міне, осындай жұмысты атқару керек. Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, – дейді ол.
Депутаттың бұрынғы сыны
Абзал Құспан бұған дейін сот саласын "іс жүзінде жабық корпорацияға айналып кетті" деп сынаған еді. Құспан депутаттық сауалында судьялардың сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынатыны, олардың мәртебесi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға жол берiлмейтіні, сотқа немесе судьяға құрметтемеушiлiк бiлдiру заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғатыны Конституциялық заңмен дұрыс бекітілген деп есептейді. Оның айтуынша, судьялық лауазымға кәсіби біліктіліктен бөлек жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері мен ел алдында мiнсiз беделі болуы талап етіледі.