Сербияның Белград қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен Украина боксшысы ең қиын жекпе-жек қазақ боксшысы Асланбек Шымбергеновпен болғанын айтты деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.
19 жастағы Юрий Захареевтің ширек финалдағы қазақстандық спортшымен кездесуінің қорытындысында төрешілердің шешімі әрқилы болды. Тіпті спорт сарапшысы Тэйлор О’Хиггинс Асланбектің жеңілісін қазылар алқасының қателігімен байланыстырды. Дегенмен украиналық жас былғары қолғап шебері басым түсті.
“Ең қиын жекпе-жек - қазақпен болды. Ол менен бойы мен қолы ұзын, қалай әрекет ететіні беймәлім еді. Алайда біз оған да жол таптық.
Сенімді шықтым, оның үстіне менің бұрышымда бапкерлерім қалай қимылдау керектігін айтып тұрды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бәрі тамаша өтті”, – дейді Юрий Захареев.
Анасы басты жанкүйері екенін әңгімелеген боксшы енді Олимпиада шыңын бағындыру ойында екенін жеткізді.
Еске сала кетсек, жалпы Қазақстан бокстан ӘМ-2021 жарысында табысты өнер көрсетіп, 2 алтын және 2 күміс, 1 қола олжалады.