Қорғаныс министрлігі Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпаттаға қатысты хабарлама таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қорғаным министрлігі не дейді
Құзырлы органның хабарлауынша, 2024 жылдың 9 маусымында Жамбыл облысының Қордай аудандық орталық ауруханасына Гвардейск гарнизонының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі шұғыл жатқызылған.
– Бастапқыда өзін әлсіз сезініп, қызуы көтерілген сарбаз Гвардейск гарнизонындағы әскери госпитальдің жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілген болатын. Медициналық тексерулер мен зерттеулер әскери қызметшіден екіжақты полисегментті пневмония анықтады.Науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қазір оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Сонымен бірге ол жерде Қорғаныс министрлігі әскери клиникалық госпиталінің құрамына анестезиолог, реаниматолог және терапевт дәрігерлер кіретін көшпелі бригадасы жұмыс істеп жатыр. Әскери қызметші емдеу мекемесіне түскен кезде оның денесінен көгерген немесе зақымдану іздері болмағанын атап өту керек, – делінген хабарламада.
Мерзімді қызметтегі сарбазға қатысты келісімшарт бойынша әскери қызметші тарапынан билікті асыра пайдалану фактісі бойынша Әскери тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Тексеру жүргізіліп жатыр.
– Тергеу мүддесі үшін басқа ақпараттар жария етілмейді. Іс Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің ерекше бақылауында, – делінген хабарламада.
Оқиға
Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпатта жансақтау бөлімінде жатыр. Анасы айтуынша ұлына “әлімжеттік жасаған”.
Сарбаздың анасына әскери полиция қызметкері хабарласы ұлының ЖРВИ диагнозымен әскердегі медпунктке түскенін айтқан.
“[Әскери полицей] “уайымдамаңыз, бәрі жақсы” деді. Баламда бәрі дұрыс болса, балам маған хабарлассын дедім. Жексенбі күні балалар ата-аналарына хабарласады. Әскери полицей “жарайды, айтамыз” деді. Түстен соң командирі хабарласып, ұлыңыз жансақтау бөліміне түсті деп айтты. “Есі бар ма?” деп сұрап едім, “ес-түссіз жатыр” деді. Ол – кома ғой,” – дейді сарбаздың анасы.
Сарбаздың анасына әскердегілер “ешкім саусағын тигізбеді, бізде ондай жоқ, камералар тұр” деп айтқан.
Анасы ұлына “әлімжеттік жасалды” дейді. Бірақ бұған жауапты органдар әлі ешқандай ресми мәлімдеме жасай қоймады.
Президенттің тапсырмасы
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысқанын, болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап еткенін жазды. “Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды” деді ол.