×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Депутаттар «Арселормен» инвест-келісімді қайта қарауды талап етті

11.11.2021, 10:23
Депутаттар «Арселормен» инвест-келісімді қайта қарауды талап етті
Фото: Ашық дереккөзден

Сенаторлардың айтуынша, кейінгі 10 жылда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында апат көбейіп кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Сенатор Сергей Ершов еліміздің премьер-министрі Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелерді жария етті. Депутат еліміздің өнеркәсіп кәсіпорындарында апат туындау қаупінің деңгейі бұрынғысынша жоғары екенін атап өтті. 7 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының «Абай» шахтасында апат болып, 6 кенші қаза тапқанын, екеуі зардап шеккенін еске салды.

Ершов келтірген мәлімет бойынша соңғы 10 жылда «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық компаниясының барлық бөлімшелерінде апат саны көбейіп барады. Осы уақыт ішінде компанияның көмір шахталарында 23 апат болған. Одан 41 адам зардап шегіп, оның 19-ы қаза болған. Бұл 2006 және 2008 жылдардағы екі ірі апатты есептемегендегі жағдай. Ол онда 71 шахтер қаза тапқан болатын. Сергей Ершов өнеркәсіптегі қауіпсіздіктің жай-күйін жақсарту үшін қазіргі кезде осы кәсіпорында да, бүкіл мемлекет ауқымында да үкіметтік деңгейде шаралар қабылдау маңызды деп санайды.

Сенатор сондай-ақ компанияда инвестициялық міндеттемелердің орындалмауы, қызметкерлердің тиісті әлеуметтік кепілдіктерінің болмауы, жабдықтарды жаңғыртудың толық қаржыландырылмауы, білікті кадрлардың кетуі, сондай-ақ зиянды заттар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелердің орындалмауға қатысты бірқатар өзекті мәселелер бар екенін атап өтті.

«Үкіметті қабылданған міндеттемелерді мүлтіксіз сақтауға және апат пен өлімге душар ететін жарақаттану санының өсе түсуіне ықпал ететін жағдайды болдырмауға шақыра отырып, өздерінің жеке отырысында саланың жағдайын және «Арселордың» жай-күйін қарауды сұраймыз. Сондай-ақ қауіпті өндіріс объектілерінде өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нақты және жүйелі шаралар, сондай-ақ қызметкерлердің әлеуметтік ахуалы мен өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде Арселормен инвестициялық келісімді қайта қарау туралы шаралар ұсынатын болсын», - деді Сергей Ершов өз сауалында.

Депутат осы жылдың 5 ақпанында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» басқарма төрағасы Лакшми Митталмен кездескен кезде өндірістік қуатты жаңғырту, арттырумен қатар, өндірістен жарақат алу жағдайларын азайтып, шетелдік және отандық жұмысшылардың айлық еңбекақыларының айырмашылығын азайтуды тапсырғанын еске салды.

«Депутаттар Арселор кәсіпорнындағы қауіпсіздік мәселесін жиі көтеріп жүр. Өндірістік қауіпсіздікпен қатар, инвестициялық міндеттемелерін орындамау, өндірістік базаның күрделі жағдайы, жабдықтарды жаңғыртуда қаржыландырудың аздығы, өндіріс қуаттылығының төмендеуі, білікті кадрлардың жылыстауы байқалады. Осы мәселелердің шешілмеуі күрделі жағдайға апарып соғуы мүмкін», - деді ол.

Ершов осы мәселелерді қарау барысында кәсіпорындардың өндірістік және экономикалық басымдықтарынан азаматтардың қауіпсіздігі негізгі қағидатқа әрі басымдыққа айналуы тиіс екенін атап өтті. Ал қауіпті өндіріс объектілері қызметінің барлық салалары мен барлық кезеңдерінде өнеркәсіп қауіпсіздігінің талаптары ең басты, жалпыға бірдей және бөлінбес бөлшегі болып белгіленуі тиіс.