Бұл бастама алдымен Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың аузынан шыққан. Сауда және интеграция вице-министрі Жанел Күшікова қажет болса ЕАЭО алаңында аталған мәселені көтеретінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Техрегламентке байланысты сұрақ
Аграрлық сала талқыланған отырыста Мәжіліс депутаты Альберт Рау 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін техрегламентке байланысты Үкімет мүшелеріне сұрақ қойды.
– Сол уақыттан бастап машинамен сауылмаған сүтті қабылдауға тыйым салынады. Біз бір рет осы техрегламентті бір рет ұзарттық қой. Келесі жылдан бастап жағдай қалай болады? Үйде сауылған сүтті қазір зауытқа тасып жатырмыз», - деп сұрады Рау.
Министрдің жауабы
Бұл сұраққа жауап берген Айдарбек Сапаров қазір сүт көбінесе ұжымдастырылған шаруа қожалықтардан жиналып жатқанын айтады.
– Ол жақта мәселе жоқ. Бізде жеке қосалқы шаруашылықтар бағытында мәселе туындап отыр. Көп шаруашылықтар кооператоривтерге бірігіп, субсидия алады. Техниканы көбі сатып ала бастады. Сиыр сауатын техникаларды көбі сатып алады. Қазір біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұқымдық 500-ден аспауы керек деп жатырмыз. Бұл жерде ауқымды жұмыс бар. Ауылдық округ әкімдері бұл бағытта көмектесуі керек. Мүмкін болса тағы ұзарту керек, – деді ол.
“ЕАЭО алаңында мәселені көтереміз”
Сауда және интеграция вице-министрі Жанел Күшікова Қазақстан техрегламентті үшінші рет ұзартқанын айтады.
– Сапаға сай келмейтін өнімдер ЕАЭО елдерінің нарығына кіре алмайды. Бәрі даярлыққа байланысты. Егер қажет болса, тағы да техрегламентті тағы ұзарту бастамасын көтереміз, – деді Күшікова.
Аққа жарытпаған агросаясат
Еске сала кетейік, сүт шаруашылығының өзекті мәселелерін бұған дейін Ulysmedia.kz тілшісі арнайы зерттеп жазған еді.
Әлемде кейінгі жылдары болып жатқан геосаяси оқиғалар көршілес елдердің азық-түлік қауіпсіздігіне ықпал етпей қоймайды. Санкциялар салдары қалыптасқан тауар тасымалы желісін үзіп, бағытын өзгертті. Шығыс Еуропаға тасымалданып келген ресейлік азық-түлік өнімдері Қазақстан нарығын бетке алды: отандық ауыл шаруашылығы өнімін, оның ішінде сүт өндірушілерге бұл фактор ауыр соққы болды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың 9 айында сүт өнімдері импорты 303,6 млн АҚШ долларын құраған. Оның 77% Еуразия экономикалық одағы (ары қарай – ЕАЭО) елдерінен, 23% үшінші елдерден әкелінген. Бұл қазақстандықтар 9 айда ЕАЭО елдері мен үшінші елдерге 140 млрд теңгеге жуық қаржы құйды деген сөз. Егер еліміздің сүт өнімдері нарығын отандық сүт өндірушілер қамтамасыз етсе, онда біз атаған қаржы ел экономикасына құйылар еді.