Бұл сұраққа Қазақстан Денсаулық сақтау вице-министрі – Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова жаз кезінде тамақтың қандай түрлері қауіпті екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Есмағамбетова не дейді
– Ең әуелі қауіпсіздігіне күмәніңіз бар жерден тамақ алудың қажеті жоқ. Егер тамақ, жеміс-жидек болсын – сақталатын орыны дұрыс болмаса, тоңазытқышта тұрмағанын көрсеңіз байқаған дұрыс. Сақталу мерзіміне де жіті қарау керек. Әр өнімнің сақталатын мерзімі бар. Сатып алмас бұрын бір үңілген абзал.
Екіншіден, азық-түлік сатып аларда сертификатын сұрап біле салған да жөн. Жаңадан піскен тамақты ішу керек. Сүт сатып алатын болсаңыз, оның міндетті түрде тоңазытқышта тұрғанына көз жеткізіп алыңыз, – дейді ол Мәжіліс кулуарында.
Айжан Есмағамбетованың айтуынша, дайындалған тамақ дұрыс жерде сақталмаған жағдайда, медициналық тексерістен өтпеген қоғамдық тамақтану орындарында адамдар уланып қалады. Көп жағдайда қызмет көрсететін персоналдың салдарынан болуы мүмкін.