×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі 2022 жылға ұзартылды

12.11.2021, 17:45
Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі 2022 жылға ұзартылды
Фотода: Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов

Бүгін Нұр-Cұлтанда сот экс денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімін ұзарту жайын қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кеше прокурор Төлеген Жараспаев Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрінің үйқамақтағы мерзімін тағы екі айға – 2022 жылдың 14 қаңтарына дейін ұзартуды сұраған еді. Жараспаев мұны тараптардың қылмыстық іс материалдарымен танысуы үшін жасау керектігімен түсіндірді.

Адвокат Дмитрий Куряченко болса, прокурордың ұсынысынан бас тартып, қорғауындағы азаматты заңсыз қудаланғаны туралы жеке қаулы шығаруды сұраған болатын.

«Соттан Біртановты және заңды мазақ қылуды доғаруды сұраймын. Біртановтың қамауға алу мерзімін ұзарту туралы тергеу уәждерінің заңдылығын тексеруіңізді сұраймын», - деді ол.

Экс-министрдің үйқамаққа алу мерзімін ұзартуға адвокат Серік Сағалиев те қарсылық білдірген.

«Біздің қорғауымыздағы азаматтың қылмыстық іс материалдарымен танысу үйқамақ жағдайында өтуі керек дегенмен келісе алмаймын», - деді ол.

Сот бүгінгі отырыста Біртановты тергеу мүддесіне сәйкес үйқамақтағы мерзімін 2022 жылдың 14 қаңтарына дейін созу туралы қаулы шығарды.

«Сот күдікті Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 2 айға ұзарту туралы шешімді дұрыс деп есептейді. Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі 2 айға, 2021 жылдың 14 қарашасынан 2022 жылдың 14 қаңтарына дейін ұзартылсын. Қаулы шыққаннан кейін үш күн ішінде оған қарсы шағым білдіруге болады», - деді судья Исаева.

Судья өз сөзінде Біртановтың жұмыс істей алатынын, үйінен шыға алатынын, сонымен қатар қорғаушыларымен сөйлесе алатынын мәлім етті.

Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық іс 130 беттен тұрады.

 Еске сала кетсек экс-министр 2020 жылдың 7 қарашасынан бері үйқамақта отыр. Оған тергеу органдары әу баста бюджеттің ірі көлемдегі қаражатын ысырап етті деген айып таққан. Алайда кейін айып «Қызметтік уәкілеттігін асыра пайдалану» бабына өзгертілді. Сот отырыстарында Елжан Біртанов бірнеше рет ешқандай жемқорлыққа қатысының жоқтығын мәлімдеген. Қызметін асыра пайдаланғаны туралы айыппен де экс-министр келіспейді.