Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның ұшағы Астанаға қонды. Елорда әуежайында түрік басшысын Премьер-Министр Олжас Бектенов қарсы алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Режеп Тайип Ердоған 3-4 шілдеде өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысады.
Түркия — ұйымға серіктес ел.
Айта кету керек, Түркия Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне әрі инвестор елдердің үздік 20-на кіреді.
Осы жылдың 4 айында өзара сауда көлемі $1,6 млрд-қа жетті. Екі елдің үкіметтері сауданың тұрақты көлемін кемінде $10 млрд деңгейінде жоспарлы түрде қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеуде.
Ертең Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Астанада өтеді. Ауқымды шараға 16 елден президенттер, үкімет басшылары және беделді халықарлық ұйым жетекшілері қатысады. Алқалы жиын алғаш рет ұйымға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысы мен кездесуі форматында өтеді.
Астана декларациясынан бастап, «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы» және «ШЫҰ-ын жетілдіру туралы» бастамалар қабылданады. Сонымен қатар, Беларусь ұйымға мүше мемлекет мәртебесі беріледі. Жалпы, мемлекет басшылары өзекті халықаралық әрі өңірлік проблемалардың шешімін қарастырады.