Шымкентте Алматы-Астана бағытындағы ұшақтағы бұзақылығы үшін ұсталған әнші Қайрат Нұртастың соты өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Ол екеуміз дос болғанбыз. Төртінші шілдеде тойға шақырды. Мен барудан бас тартып, балағат сөздер айттым. Ол бармасаң, тізерлеп келесің деді. Содан кейін ол мені ұшақтың ішінде ұстап алып, сен мені балағаттадың деп, басымнан екі рет ұрды. Сосын мен де ұрдым. Бірақ тәртіпті бұзған жоқпын. Бұл жерде жәбірленуші менмін. Ол бірінші бастады. Мені ұрғаннан кейін ғана ұрдым. Жарақатты бәріміз алдық, ең бастысы тыныш отырдық қой. Ұшақта кездесіп қалған кезде, мені бірінші ұрды. Менде қарап тұрмай, оны да бір-екі рет ұрдым. Бұл жөніндегі кінәмді толығымен мойындаймын», — деді Қайрат Нұртас.
Сотта Қайрат Нұртастың туған інісі мен анасы төбелесті бірінші бастаған адамды да жауапқа тарту керек деп ойлайтынын айтты.
Жәбірленуші Асылбек Бекқайыров Қайрат Нұртасты Орал қаласына досының тойына баруға өтініш білдіргенін жеткізді.
«Өтінішімді жаздым. Түнгі екіде мені боқтап жазып жіберіпті. Онымен кездесе алмадым, неге боқтағанын түсінбедім. Ұшақта көріп, неге мені боқтағанын сұрадым. Сөзге келіп қалдық. Бортсерік мені алып кетіп бара жатқанда, Қайрат Нұртас мені ұрды. Мән-жай осылай болды», — деді Бекқайыров.
Гүлзира Айдарбекова екеуінің бұрыннан дос екенін, достар арасында ондай-ондай болып тұратынын айтып, екеуі бір-бірін кешіруі керек деді.
«Екеуі дос. Бөтен адам емес. Екеуі кешірім береді деген ойдамын. Бұл жерде бас жарылған еш нәрсе жоқ. Ашуланды, жауабын берді. Болды. Шу болмады, халыққа зәбір көрсеткен жоқ, тыныш отырды», —деді Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова.
Қайрат Нұртас алда концерттері бар екенін айтып, соттан айыппұл тағайындауды, ал прокурор әншіні 15 күнге қамауға алуды сұрады.
Судья оқиға 4 шілдеде сағат 20:00 шамасында ұшақ бортында Алматы – Астана рейсінде болғанын, Қайрат Нұртас пен Асылбек Бекқайыров сөзге келіп, жанжалдасып қалғанын, содан кейін сотталушы оң жақ бетінен соққы жасағанын айтты. Жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келген.