×
$
447.85
513.46
5.31
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.85
513.46
5.31

Шымкентте көпбалалы әке лифтте қыз балаға тиісіп, 7,5 жылға сотталды

Бүгін, 12:52
Шымкентте көпбалалы әке лифтте қыз балаға тиісіп, 7,5 жылға сотталды
Видеодан алынған кадр

Шымкентте 56 жастағы ер адам сегіз жастағы қызға қатысты азғындық әрекет жасауға оқталғаны үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бастапқыда оған 216 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Алайда баланың отбасы істі қайта қарауды талап еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қыз жоғарыға қашып, барлық есікті қаққан

Көпқабатты үйдің кіреберісінде мектеп оқушысына ер адам тиісіп, соңынан аңдыған. Ол көрші қызды байқап, шоколад алып беруге уәде беріп, өзіне шақырған. Кейін оның артынан еріп, қызбен бірге лифтіге кірген.

Лифт ішінде ер адам балаға ақша ұсынып, өзімен бірге алып кетпек болған. Қыз бас тартып, лифттен қашып шыққан. Алайда ер адам оны құшақтап, денесіне қол тигізіп үлгерген. Осыдан кейін қыз баспалдақпен жоғары қарай жүгірген.

Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

– Бейнежазбада оның қыздың соңынан еріп, қалмай келе жатқаны анық көрінеді. Сондай-ақ шалбарын ағытқаны да байқалады. Мұны қыздың өзі де айтқан. Ол: «Сырманың дыбысын естідім. Қорқып кетіп, қаша жөнелдім», – деді. Сотталушы кінәсін соңына дейін мойындаған жоқ. Шын жүректен өкінгені де байқалмады, – деді жәбірленушінің адвокаты Есбол Абдрахманов.

Қыз үшінші қабаттан тоғызыншы қабатқа дейін жүгірген. Әбден әлсіреген кезде барлық есікті қағып, көмек сұрай бастаған. Тұрғындардың бірі шыққанда, қыздың соңынан қуған ер адам кері бұрылып, кетіп қалған.

Отбасы басқа үйге көшуге мәжбүр болған

Оқиғадан кейін мектеп оқушысының өмірі өзгерген. Анасы Феруза Садықованың айтуынша, қызы ер адамдардан қорқып қалған. Отбасы пәтері мен мектебін ауыстыруға мәжбүр болған.

– Қазір қызымның жағдайы тұрақты, бірақ ол тіпті 10 жастағы балалардан да қорқады. Далаға тек әпкесімен бірге шығады. Қасына ер адам жақындаса, бірден қорқып кетеді. Қазір осы мәселемен жұмыс істеп жатырмыз. Уақыт өте келе бұл қорқынышы басылады деп ойлаймыз, – деді әйел.

Бастапқыда сот ер адамға 216 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Жәбірленушінің отбасы бұл шешіммен келіспей, шағым түсірген.

Істі қайта қарағаннан кейін сот баланың жыныстық қол сұғушылыққа ұшырағанын дәлелденді деп танып, ер адамды 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар оған педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Шымкент қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Болат Қарабаевтың айтуынша, сотталған адамның екінші топтағы мүгедектігі бар. Әйелі қайтыс болғаннан кейін бес баласын өзі тәрбиелеп келген. Тұрақты жұмысы болмаған.

Енді оның кәмелетке толмаған балаларының жағдайын қала білім басқармасы шешеді.